Елордада әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы бекітілді
Құжат бойынша, нан бағасы – 183 теңге.Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Ермолдина әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы бекітілгенін айтты.
"Комиссия әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің бағасын сараптама жасады. Оның ішінде жеті позиция бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы шекті мәннен асып кеткені байқалады. Олар: нан, сиыр еті, жұмыртқа, сары май, күнбағыс майы, қант және сәбіз бағасы. Алайда, бизнес өкілдері, сатушылар мен жеткізушілермен сөйлесе келе, сәбіздің бағасы өте жиі құбылатынына байланысты, оны бұл қатардан алып тастадық", – деді Гүлмира Ермолдина.
Баяндамашының айтуынша, осы тоқсанда бірінші сұрыпты бидай ұнынан жасалған нанның бағасы – 25 пайызға, сиыр еті – 20 пайызға, жұмыртқа – 19 пайызға, сары май – 26 пайызға, күнбағыс майы – 69 пайызға, қант бағасы 65 пайызға артқан.
"Әлеуметтің маңызы бар азық-түліктердің шекті бағасын белгілеу ережесіне сәйкес, нан бағасы – 183 теңге, сиыр еті – 2325 теңге, жұмыртқа – 443 теңге, сары май – 3452 теңге, күнбағыс майы – 817 теңге, қант 325 теңге деп бекітілді", – деді баяндамашы.