Елнұр Бейсенбаев: "Әлеуметтік міндеттемелер толық орындалуда"
Ол Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін қабылдауға шақырды.Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Amanat партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін қабылдауға шақырды.
"Былтыр әлем үшін де, еліміз үшін де күрделі жыл болғанын атап өткен жөн. Соған қарамастан, инфляция көлемі былтырғымен салыстырғанда 2 есеге төмендеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық экономиканың өсімі 5,1%-ды құрады. Республикалық бюджеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалып келеді", – деді ол.
Халық қалаулысының айтуынша, еліміздің өнеркәсіп саласында үлкен орны бар "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы мемлекетке қайтарылды. Сондай-ақ, заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару жұмысы табысты іске асып, одан түскен қаражатқа әлеуметтік нысандар салынуда.
"Amanat фракциясы Үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің игерілуі туралы есебін қабылдауға шақырады", – деп түйіндеді депутат.