Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін 1 828 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.

Оның айтуынша, Қазақстанда су тасқыны салдарынан 18 005 жылжымайтын мүлік бүлінген деп танылған.

Олардың 17 295-і бойынша зертеу нәтижесі бар. 2 245 нысан салу, жылжымайтын мүлік нарығында 5 235 үй мен пәтер сатып алу, 9 819 тұрғын үйді жөндеу жоспарланған.

"Бүгінде республика бойынша 1 828 тұрғын үй құрылысы басталды, бұл 81 пайыз болады. Бұл ретте Батыс Қазақстан облысы мен Ақмола облысында қарқын мен жұмылдыру төмен болып отыр. Ақтөбе облысы мен Батыс Қазақстан облысында 2 122 үй әлі су астында. Техникалық сараптама қорытындысының жоқтығына қарамастан, меншік иелеріне тұрғын үй салу және сатып алу шаралары жүргізіліп жатыр", – деді Қанат Шарлапаев.

Министрдің айтуынша, жылжымайтын мүліктері жарамсыз деп танылған Қазақстан азаматтары үшін 1943 жылжымайтын мүлік сатып алынған. Бүгінде 1 772 үйдің иелері төлемдерін алды.