Елімізде киікті атпаған, бірақ мүйізін саудалаған ауыл тұрғындары заңсыз сотталып жатыр
Бір киік 2,5 миллион теңгеге бағаланады.Елімізде киікті атпаған, бірақ мүйізін саудалаған ауыл тұрғындары заңсыз сотталып жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қазір бір ғана Павлодар өңіріндегі түзеу мекемелерінде мойнына миллиондаған қарыз ілінген 58 адам жазасын өтеп жатыр деді депутат Абзал Құспан.
Оның айтуынша, барлық іске ортақ бір сценарий бар. Демек, алдымен киіктің мүйіздері табылады, кейін іс қозғалып, бөкеннің құны есептеледі. Ол да, әрине аз сома емес. Демек, бір киік 2,5 миллион теңгеге бағаланады.
Құспан мырза мүйізді жинаған, сақтаған не тасымалдаған адамның бәрі "киікті өлтіру арқылы табиғатқа аса ірі мөлшерде зиян келтіргені үшін" сотталған деп отыр.
Бірақ сот та, тергеуші де бөкеннің өлу себебіне көз жеткізбеген. Сорақысы, судья сотталушыға миллиардтаған айыппұл сала отыра, мүйіздердің құны жоқтығы себепті өртеуге үкім шығарады. Ал әділетсіз қамалған ауыл тұрғындары залалды өтеуге тиіс.
Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығы вице-министрі: Диқандар киіктерден зардап шекті ме, жоқ па – білмейміз
"Павлодар қаласындағы түрмеде жазасын өтеп жатқандармен де кездестім. Ол жерде 58 азамат отыр, әрқайсысының мойнында мына ғұмырларында өтеп бола алмайтын залал бар, осының салдарынан көптеген отбасылар ажырасып жатыр. Ең сорақысы, іштерінде бірде-бір браконьер жоқ, есесіне Ауған соғысында басынан зақым алып, жүйке аурулары салдарынан өз әрекетіне жауап бере алмайтын азамат отыр", – деді Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан.