Елге оралған Бақыт Сәрсекбаев боксшылардың резервтік құрамасын жаттықтырады
2008 жылғы Олимпиада чемпионы, боксшы Бақыт Сәрсекбаев Қазақстанға оралып, Ұлттық құрама жанынан құрылатын Резервтік құрамаға енген боксшыларды жаттықтырады. Бұл туралы ол Facebook желісінде хабарлады.
"Президентіміздің тапсырмасымен, спорт және туризм министрінің шақыруымен елге қайттым. Маған министрдің берген тапсырмасы – Ұлттық құрама жанынан Резервтік құрама құру. Бұйырса, 12-19 ақпан аралығында 18-22 жас аралығындағы боксшылар арасынан резервті құрамаға іріктеу чемпионаты өтеді. Сол құрамада жүлделі орынды меншілеген жас боксшылар менің қол астымда жаттығуды бастайды", – деп жазды Бақыт Сәрсекбаев.
Резервтік құраманың мақсаты – Ұлттық құрамадағы барлық салмаққа бәсекелес (резерв) дайындау.
"Қазіргі Ұлттық құрама өзінің жағдайын Олимпиадада, Азия чемпионатында көрсетті. Спортшылардың бұлай әлсіреуі – бәсекелестіктің жоқтығы. Өз салмағында текетіресіп тұрған мықты бәсекелесі болмаса, спортшы өспейді, босаңсып кетеді. Ұлттық құрама әкеңнің төрі емес, еркелігің ешкімге керек емес, қалт етсең – сенің орныңды басатын резерв толып жүр, тек жаныңды салып, тер төксең ғана дегеніңе жете аласың", – деді Олимпиада чемпионы.
Еске салайық, Бақыт Сәрсекбаев бұған дейін Вьетнамда Ханой қаласы құрама командасының кеңесші-бапкері ретінде қызмет етті. Қазақстанға қайту жөнінде ол: "Қазақ боксының болашағына алаңдаймын. Сол кезде бәрін тастап, елге қайтқым келеді. Қазақ боксын жаңа деңгейге көтерсем деп армандаймын", – деген болатын.
Оқи отырыңыз: Есбол Сұлтанов таеквондодан Қазақстан құрамасына бас бапкер болып тағайындалды