Теннистен Қазақстан құрамасының лидері Елена Рыбакина Мексиканың Канкун қаласында өтіп жатқан WTA қорытынды турнирінің жарыс жолынан шығып қалды. Турнирдің үшінші топтық матчтында әлемнің бірінші ракеткасы, белорусь теннисшісі Арина Соболенкомен кездесті.

Астана уақытымен 3 қарашада таңертең ерте басталған матч жаңбырдың салдарынан бірнеше рет тоқтатылып, соңында бір тәулікке кейінге қалдырылды. Соболенко 6:2, 3:6, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Матч 2 сағат 21 минутқа созылды.

Елена Рыбакина өз тобындағы алғашқы турда америкалық Джессика Пегуледен 5:7, 2:6 есебімен жеңілсе, екінші матчта грек теннисшісі Мария Саккариден 6:0, 6:7, 7:6 есебімен басым түсті.

Топтан жартылай финалға Пегула мен Соболенко шықты. Олардың қарсыластары Коко Гауфф (АҚШ) – Маркета Вондроушова (Чехия) және Ига Швентек (Польша) – Онс Жабер (Тунис) матчтарынан кейін анықталады.