Мәдениет және ақпарат министрлігі 20 мыңға жуық қоғамдық ұйымға жүргізген талдауының нәтижесінде 2025 жылғы 24 желтоқсанда Алматыдағы Ұлттық кітапханада бірқатар азаматқа "Бауыржан Момышұлы атындағы "Намыс", "Батыр Шапағаты" және "Ел жанашыры" төсбелгілері, сондай-ақ "Алтын адам" жыл сертификаты мен статуэткасы табысталғаны анықталды. Нәтижесінде "Ел жанашыры" төcбелгісін сату және тарату фактісі бойынша Дидар Құйқабаевқа 2026 жылғы 23 қаңтарда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 674-бабының 2-бөлігіне сәйкес айыппұл салынды. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің мәжіліс депутаттарына берген жауабында айтылған. 

Бұдан бөлек, "Qazaqstan ardagerleri" заңды тұлғалар бірлестігі 2025 жылғы 25 желтоқсанда табыстаған "Бауыржан Момышұлы атындағы "Намыс" төcбелгісіне геральдикалық сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Үкімет өкілі 2025 жылы "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы" Заңның 42-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін еске салды. Оған сәйкес, қоғамдық бірлестіктерге, қоғамдық қорларға, басқа да үкіметтік емес ұйымдарға сыртқы түрі мен атауы мемлекеттік наградаларға толықтай немесе қандай да бір бөлігі ұқсас ордендер мен медальдарды, омырауға тағатын белгілер мен оларға қоса берілетін құжаттарды тағайындауға және жасауға тыйым салынады. 

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының, Қазақстан халқының және мемлекет басшысының атынан мемлекеттік емес наградалармен наградтауға жол берілмейді. 

"Қазіргі таңда Мәдениет және ақпарат министрлігі халықаралық оның ішінде ТМД елдерінің тәжірибесін зерделей отырып, "Қоғамдық бірлестіктер туралы" және "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін заң жобасын әзірлеп, пысықтауда. Ондағы нормалар қоғамдық бірлестіктердің, қоғамдық қорлардың, басқа да үкіметтік емес ұйымдардың наградаларына қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған. Заң қабылданған жағдайда қоғамдық бірлестіктер еліміздің және шетел азаматтарын қоғамдық ұйымдарға сіңірген еңбектері үшін ғана өздерінің наградаларымен марапаттауға құқылы болады", – делінген Серік Жұманғариннің жауабында.