Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйледі, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі

"Мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет. Сіздер заң мен тәртіпті сақтауға және азаматтардың құқығын қорғауға зор үлес қосып жүрсіздер. Қазір дүние жүзі алмағайып, бұлыңғыр, яғни, өте күрделі кезеңді бастан өткеруде. Осындай құбылмалы уақытта қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – айрықша маңызды міндет", – деді президент. 

Мемлекет басшысының дерегінше, 2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылық саны шамамен екі есе азайды. Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмендеді, ал кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 30 пайызға кеміді. Қоғамдық орындардағы қылмыс саны 80 пайызға азайды.

"Келесі маңызды міндеттің бірі – отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес және әйелдер мен балаларды қорғау. Осы бағытта заңнамалық, институционалдық тұрғыдан батыл қадамдар жасалуда. Отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін берілетін жаза едәуір күшейтілді. Бір жыл бұрын тиісті заң қабылданды. Заңға енгізілген түзетулер мен басқа да шаралар нақты нәтиже бере бастады. Орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны жыл басынан бері 30 пайызға төмендеді. Жалпы, соңғы 5 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар екі есе азайды. Ең бастысы, қазір қоғамдық сана түбегейлі өзгеріп жатыр. Азаматтарымыздың бойында отбасындағы қатігездік пен озбырлыққа мүлдем төзбеушілік қасиеті қалыптасуда. Зардап шеккендерге қол ұшын беретін, ал құқық бұзушыларды жазғыратын қайырымды қоғам орнығып келеді. Елімізде "Қазақстан балалары" атты арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Құжатта өскелең ұрпақтың мүддесін қорғауға арналған маңызды тетіктер ұсынылмақ", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.