Экс-министр Асхат Оралов Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды
Асхат Оралов Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
"Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің келісімі бойынша, облыс әкімінің өкімімен Асхат Раздықұлы Оралов Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ол бұған дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған", – делінген хабарламада.
Асхат Оралов 1990 жылғы 10 ақпанда Павлодар облысында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін және Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (МГИМО) тәмамдаған. PhD докторы.
Еңбек жолын 2011 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік-тәрбие жұмысы департаментінде жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас маманы болып бастаған.
Ол ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары, Павлодар облысы әкімінің орынбасары, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Астана қаласы әкімінің орынбасары, "Nur Otan», "Amanat» партиясының атқарушы хатшысы қызметтерін атқарды. 2023 жылғы 4 қаңтарда Президент жарлығымен Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі болып тағайындалды. Ал 2024-2025 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болды.
Оқи отырыңыз:
- Асхат Оралов: "Алдағы үш жылда 100 спорт нысаны салынады"
- Асхат Оралов Amanat партиясының логотипін таныстырды