Жетісу облысында Қызылағаштағы су тасқынынан кейін салынған үйлерге қатысты дау шықты, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Ауыл тұрғындары бұрынғы әкімді үйдің бірін заңсыз иемденді деп айыптап отыр. Айтуларынша, шенеунік коммуналдық баспананы туысының атына жекешелендіріп алған.

Су тасқынынан кейін ауыл іргесі көтерілгенде мұнда 12 үй артық салынып, мемлекеттік тұрғын үй қорына алынған екен. Соның бірі Смайылхан Жайсанұлы көшесіндегі 6-үй. Ауыл тұрғындары арасындағы даудың басы дәл осы баспанадан басталған. Бұл үй пайдалануға берілгелі ауылға келген жас мамандар тұрып келген екен. Алайда, 2017 жылы баспана иесіз деп танылып, кейін шенеуніктің туысы жекешелендіріп алған дейді жұрт.

"Жалған ақпарат беріп, сотты алдап басына аударып алған. Сол үшін біз шулағанбыз. Ол документті қайталап жасап, сол үйге кіргеннен кейін апасының атына аударып алған. Сот шешімі бұзылмаған. Сот шешімі бұзылмаса ертең кетеді", – деді Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Сәуле Әмитова.

Ауыл тұрғындары шенеуніктің үйді заңсыз алғанына сенімді. Олардың айтуынша, 2010 жылғы табиғи апатқа дейін оның өзі де, туыстары да Қызылағашта тұрмаған. Мұны қазіргі әкім де растайды.

"2015-2016 жылдар аралығында сол үй Самихов Айдардың тұруына мемлекеттік қызметкер ретінде берілді. Кейін апасы пайда болды. Қандай амалмен өздерінің жекеменшігіне аударғанын білмеймін. Бірақ сот шешімі бар. Қазір сот процесі жүріп жатыр", – деді Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Нұрлан Досмақанов.

Сонымен қатар коммуналдық меншікте қалған тағы 11 үйді тұрғындар ұзақ жылдардан бері жекешелендіре алмай келеді. Ал жауапты мамандар баспаналарды аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансына алмақ. Бірақ одан кейін де жекешелендірудің өзіндік талаптары бар.

"Оның екі жолы бар. Бірінші қайтарымсыз меншігіне беруге болады, ол 1-2 топтағы мүгедек азаматтар, ҰОС ардагерлеріне және оларға теңестірілген азаматтар болса. Екінші нұсқа осы санатқа жатпайтын азаматтар қалдық құнымен есептесіп сатып алады", – деді Ақсу аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Мадияр Нұрахметов.

Еске салайық, 2010 жылы Қызылағашта бөгет жарылып, ауылды су шайып кеткен болатын. Ресми дерек бойынша табиғи апаттан 45 адам қаза болып, 600-ден астам баспана қираған.