Экономист халықтың күнкөрісі туралы: тұтынушылық себеті 2006 жылдан бері жаңарған жоқ
Мақсат Халық елдегі ең төменгі күнкөріс шегін көтеруді ұсынады.Қазақстанда халықтың тұтынушылық себеті бойынша 43 тауар соңғы рет 2006 жылы бекітілген және әлі күнге дейін өзгермеген, толықпаған, деп мәлімдеді экономист Мақсат Халық. Маман бұл туралы Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты.
"Ресейдің тұтынушылық себетінде 150 тауар бар. Еуропада ол 250 тауардан басталады. Германия, Ұлыбритания сынды елдерді қарасақ, 600-700 тауарға дейін барады. Оның ішінде тағамның түрі, тауарлар, дәрі-дәрмек, канцеляриялық заттар – бәрі қосылады. Ал бізде 43 тауардың тізімі бар және ол азық-түлік тауарлары. Соларға ғана мән беріледі", – дейді Мақсат Халық.
Экономист бұл бағытта нақты жұмыс жасалуы керек екенін айтып, ең төменгі күнкөріс шегін көтеруді ұсынды.
"Менің ойымша, бірінші кезекте осы азық-түлік себетіне көңіл бөлу керек. Мейлі 100 тауар жасап жіберілмесе де, 72-80 тауар көру керек шығар. Осы себетті бекіту барысына Тағамтану академиясы қатысады. Азық-түлік себеті не үшін керек? Олар ең төменгі күнкөріс шегін анықтайды. Қазір ең төменгі күнкөріс шегі 37 мың теңге деп бекітілген. 37 мың теңгеге біздің қоғамда азаматтар бір ай өмір сүре алады деп береді. Тағамтану академиясының берген материалдарына қарасаңыз, ол күніне үш уақыт толыққанды ақуызы, дәрумендері, еті бар тамақ жей алады. Сонда күніне мың теңгенің айналасында болады. Демек, бұл көрсеткіштердің бәрі ескірген. Нақты көрсеткіш болмай, халықтың тұтынушылық себетін көбейтпей, өмір сүру шегін шынайы түрде өсірмей, экономикалық блоктың әлеуметтік жағдайды шешуге байланысты жұмысы жүрмей жатыр деп айтуға толық негіз бар", – деді Мақсат Халық.
Оқи отырыңыз: Экономист тұрақтандыру қорына бөлініп жатқан қаражатты шаруаларға беруді ұсынды