Орталықтағы жаңадан салынған магистральды жылу құбыры сынақтан өту кезінде жарылып кетіп, бірнеше үйдің ауласын су басқан. Соның салдарынан кейбір тұрғындардың бау-бақшасы мен дүние-мүлкі жарамсыз болып қалған, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Үй иелері шығынды кім  өндіріп беретінін білмейді. Жарылған құбырдан атқылаған су, әсіресе, үш үйдің ауласын басып қалған. Тіпті Ситдиковтар әулетінің қақпасын құлатып, үйдің алды лай-батпаққа айналған. Сондықтан бау-бақшада пісіп тұрған көкөністерді жинай алмай қалған.

"Су цунами сияқты атқылады. Қатты қорықтық. Құбыр қысымға шыдамай жарылған кезде тас аралас топырақ ұшты. Осыны бақылайтын бір де бір жұмысшыны көрмедім. Егер маңайда балалар жүрсе не болар еді? Үйдегі мүлкіміз де бүлінді. Бақшадағы жемістер жарамсыз болып қалды", – деді Екібастұз қаласының тұрғыны Наталья Ситдикова.

Құрылыс материалдарым түкке жарамай қалды.

"Жиырма қап цемент, 1 жарым текше метр тақтай, жаңа есіктердің бәрі судың астында жатыр. Әзірге шығынды кімнің өтейтіні белгісіз", – деді қала тұрғыны Марат Өтегенов.


Оқи отырыңыз: Жылу беру маусымына дайындық: Нені ұмыттыңыз, бірге тексерейік.


Зардап шеккендер прокуратураға арыз жазған. Ал өткен қыста әбден жаурап, зәрезеп болған тұрғындар жылу уақытылы берілмей қала ма деп алаңдап отыр. Қаладағы жылу құбырларының жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмаған. Мәселен, сәуір айында қазылған Екібастұздың орталығындағы негізгі магистральды құбырлар әлі күнге дейін бір-біріне жалғанбапты. Ал әкімдіктегілер қала жылу маусымына 96 пайыз дайын, сондықтан халыққа алаңдауға негіз жоқ екендігін айттыі.

Қала әкімінің айтуынша, қазір үш жылу магистралінде жөндеу жұмыстары аяқталған. Енді бірінде жұмыстар қажетті жабдықтың жоқтығынан тоқтап қалған.

"Ертең 4 компенсатор келеді. Оны орнату үшін бір тәулік уақыт керек. Бүгінде барлығы жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр", – деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.


Оқи отырыңыз: Қонаев тұрғындары белгісіз мерзімге дейін  ыстық сусыз қалды.


Қала басшысы жөндеу жұмыстары қыркүйектің соңына дейін аяқталады деп сендірді. Ал жылу 1 қазан күні берілмек. Негізі қаланың ішкі жылу желілерін ауыстыруға 7 миллиард теңге бөлінген. Оның 80 пайызы игерілді.