Екібастұзда қолдан жасалған алкоголь өндіретін жасырын цех анықталды
Полиция қызметкерлері жедел-профилактикалық "Құқықтық тәртіп" іс-шарасы барысында Екібастұз қаласында заңсыз алкоголь өндірумен айналысқан жасырын цехтың жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Polisia.kz порталы хабарлады.
Тексеру барысында қала тұрғыны өз үйінде қолдан жасалған жабдықтардың көмегімен алкоголь өнімдерін дайындап келгені анықталған.
"Үй-жайды тексеру кезінде ішінде белгісіз сұйықтық бар 139 пластик бөтелке, сыраға ұқсас 288 литр сұйықтық, 10 шыны колба, сондай-ақ виски, ликер және сыра секілді алкоголь өнімдерін дайындауға арналған аппарат пен спирт өндіруге арналған түрлі құрал-жабдықтар табылып, тәркіленді", – делінген хабарламада.
Полицияның мәліметінше, өнімдердің сыртына белгілі брендтердің этикеткалары жапсырылғанымен, акциздік белгілері болмаған.
Оқи отырыңыз: "Жәбірленушінің үйі мен жұмысына барған". Шымкентте сталкингке байланысты екі күдікті ұсталды
Төлеген Құдайбергенов, Екібастұз қалалық полиция басқармасы бастығының айтуынша, тәркіленген өнімдер сараптамаға жіберілген. Сараптама қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Полиция заңсыз алкоголь өндіру және оны дайындауға арналған құрал-жабдықтарды сақтау қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.