Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, медициналық топ шақыртуға бара жатқанда жедел жәрдем диспетчері "қоңырауды ұстап тұру" әдісі бойынша жүкті әйелдің жолдасына телефон арқылы нұсқау берді. Бұл туралы Pavlodarnews.kz жазды.

28 қаңтарға қараған түні Екібастұзда 103 пультіне шұғыл шақыру  түсті.  Жүктіліктің 41-ші аптасында болған 36 жастағы әйелдің толғағы басталған. Медициналық бригада жеделдіктің бірінші санаты бойынша мекенжайға жіберілді.

Жедел жәрдем бригадасы шақырту орнына тоғыз минуттан кейін келді. Олар келген кезде бала дүниеге келген.  

"Ер адам қорқынышқа бой алдырмай,  белгіленген алгоритм бойынша әрекет етті. Дүниеге келген сәби мен анасының жағдайы жақсы. Олардың екеуі де Екібастұздың перзентханасына жеткізілді", – деді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ольга Вербовая.

Өткен жылы 103 қызметкерлері 22 әйелді үйде босандырған. Ал 2024 жылдың басынан бастап дәрігерлер үйде босандыруға алты рет барды. Көп жағдайларда "қоңырауды ұстап тұру" әдісі қолданылды.

"Біздің кез келген қызметкер диспетчер немесе фельдшер босануды қабылдай алады. Жыл сайын қызметкерлерді босану кезіндегі алгоритмдерге үйретеміз. Өткен жылы біздің 100-ге жуық қызметкер неонатология бойынша біліктілікті арттырудан өтті", – деді Ольга Вербовая.


Оқи отырыңыз: Ақтөбелік жолсерік пойызда толғағы қысқан жүкті әйелді аман-есен босандырып алды


103 қызметінде облыс тұрғындарын босану мәселелеріне мұқият қарауға және мүмкіндігінше алдын ала медициналық көмекке жүгінуге шақырады.