Екі Changan, бір пәтер: Астанада республикалық бәйге өтеді
Астанада 7 маусымда "Қазанат" атшабарында республикалық бәйге турнирі өтеді, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты. Бәйгенің салтанатты ашылу рәсімі сағат 11:00-де басталады.
Жүйрік тұлпарлар мен шабандоздарды тіркеу 6 маусым күні сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жүргізіледі. Аламан бәйгеге қатысу жарнасы – 70 мың теңге, топ бәйгеге 50 мың теңге, ал құнан бәйгеге 30 мың теңге белгіленген. Жиналған қаражат қайырымдылық жолына жұмсалады.
Жарыс барысында сәйгүліктер бірнеше қашықтықта сынға түседі:
9 шақырымдық "құнан" бәйге:
- 1 орын – 3 000 000 теңге;
- 2 орын – 1 500 000 теңге;
- 3 орын – 700 000 теңге.
16 шақырымдық "топ" бәйге:
- 1 орын – Changan автокөлігі;
- 2 орын – 3 000 000 теңге;
- 3 орын – 1 000 000 теңге.
25 шақырымдық "аламан" бәйге:
- 1 орын – 1 бөлмелі пәтер;
- 2 орын – Changan автокөлігі;
- 3 орын – 2 000 000 теңге;
- 4 орын – 700 000 теңге;
- 5 орын – 300 000 теңге.
"Сарыарқаның сайын даласын дүбірге бөлеп, еңселі елорданың төрінде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған таңдаулы тұлпарлар мен сайдың тасындай іріктелген шабандоздар "Қазанат" атшабарында бақ сынамақ. Бұл – бабалардан мирас болған бәйге өнерінің бүгінгі ұрпаққа жалғасқан жарқын көрінісі, ұлттық рухтың жаңғырығы", – делінген әкімдіктің хабарламасында.