Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонованы 5 жылға бас бостандығынан айырды.

Сот мәліметінше, іс абайсызда екі адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасына қатысты қаралған. Қайғылы жағдай 2025 жылғы 27 шілдеде Мойынқұм ауданы аумағындағы "Алматы–Екатеринбург" тас жолында болған.

Тергеу деректеріне сәйкес, Гүлайым Рахмонова Toyota Land Cruiser көлігін басқарып келе жатып, шаршаған күйде рөлге ие бола алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан көлік аударылып, екі адам қаза тапқан. Қаза болғандардың бірі – оның әпкесі, екіншісі – құрбысы болған.

"Сот барысында жәбірленуші тарап өкілдері, оның ішінде марқұмның әкесі мен туыстары Рахмонованы кешіргені айтылды. Прокурор соттан айыпталушыны 5 жылға бас бостандығынан айырып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айыруды, сондай-ақ жазаны өтеуді 5 жылға кейінге қалдыруды сұраған. Сот үкімімен Гүлайым Рахмонова кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды. Алайда оның кәмелетке толмаған төрт баласы бар екені ескеріліп, жаза өтеу мерзімі 5 жылға кейінге қалдырылды", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.