Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама спортшылары осы күзде Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына деген дайындықтарын қыздыра түсті. Садақшылар дүбірлі додада сайыс өтетін алаңда, яғни "Қазанат" ипподромында шеберліктерін шыңдап жатыр, деп хабарлады ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі. 

Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама бас бапкері Диас Ахметовтің айтуынша, бүгінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аясында өтетін дәстүрлі садақ ату сайысына қатысуға 35 мемлекеттен өтініш түскен. 

"Қазір аккредация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Байрақты бәсекеде Түркия, Малайзия, Қырғызстан, Венгрия, Ресей сынды мемлекеттердің садақшылары жақсы өнер көрсететіні белгілі. Дегенмен, біздің спортшыларымыз өздерінің мықтылығын дәлелдейтініне сенімдімін", – дейді ол. 

Фото: ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі

Көшпенділер ойындарына деген дайындықтары жайлы дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшелері де айтып берді. 

"Бұл бәсеке біздің алаңда өтетін болғандықтан мойнымызда зор жауапкершілік бар екенін білеміз. Ал сайыс өтетін алаңда жаттығу біз үшін жақсы мүмкіндік. Өйткені, бұл жерді толық зерттеп, климатын, жел жылдамдығын, нысананың орналасуы сынды маңызды тұсттарды түртіп алып жатырмыз", – деді садақ атудан ұлттық құрама мүшесі Бақберген Сәлімов. 

Еске сала кетейік, Республикалық "Дәстүрлі садақ ату" федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді.  


Оқи отырыңыз: V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына теңге ілуден қатысатын спортшылар анықталды