Бұл туралы бүгін журналистерге арнап өткізілген баспасөз туры аясында белгілі болды. БАҚ өкілдері баспасөз туры аясында ұлттық командалардың теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату және көкпардан жаттығуын тамашалады. 

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Абылай Қондыбаевтың айтуынша, қазір дайындық жұмыстары аяқталған. Халықаралық шараның ашылу салтанатына кіру билеттері толықтай сатылып кеткен.

"Қазірге дейін 10 мыңнан аса билет сатылды, әлі де сатылып жатыр. Көпшілік көз тігіп отырған спорт түрлерінің қатарында жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, көкпар мен бәйге бар. Ал шетелдіктер құсбегілік өнеріне ерекше қызығушылық танытып отыр. Жалпы алғанда, шара барысында көрермендер 21 спорт түрін тамашалайды. Олардың арасында асық ату, арқан тартыс, ордо, тоғызқұмалақ, теңге ілу, аударыспақ, мангала, овари, кураш, алыш, кореш сияқты түрлі ұлттың спорт түрлері бар. Ойындар "Астана-Арена" стадионы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, "Алау" мұзайдыны сарайы, "Қазақстан" жеңіл атлетика спорт кешені, "Думан" қонақүй кешені, ҚР Ұлттық музейі, "Қазанат" ипподромындағы "Түркілердің олимпиадасы" негізгі ғимараттарында өтеді", – деді Абылай Қондыбаев. 

Шараға келетін 2800-ге жуық адамның көп бөлігі – спортшылар, ал қалғаны – төрешілер мен өнер адамдары. Көшпенділер ойыны үш бағытта өтеді, олар – спорт, ғылым және мәдениет. Өзге елден келетін шығармашылық ұжымдар "Этноауылда" өнер көрсетеді, 200-ге жуық қолөнерші өз бұйымдарын көпшілік назарына ұсынады. Сонымен қатар, шара аясында ұлттық тағам фестивалі де ұйымдастырылады.

 

Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындығына арналған баспасөз туры өтті 

"Ойындарды өткізуге жалпы саны 5,7 миллиард теңге жұмсалмақ. Шығындардың басым бөлігі жан-жақтан келген қатысушылардың, қонақтардың жатын орны мен тамағына, жүріс-тұрысына бөлінген. Шараға 1300 ерікті мен 331 көлік жұмылдырылды. Ойындар аясында 100-ге жуық мәдени шара ұйымдастырылады. Ұлттық музейде ғылым бағыты бойынша халықаралық конференция өткізіледі. Оған 200-ге жуық адам қатысады", – деді Абылай Қондыбаев. 

Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Қайырхан Мәуленнің сөзінше, дүниежүзілік көшпенділер ойынына ұлттық құрамада тек көкпар бойынша 30-ға жуық ат әзірленіп жатыр.

"24 аттың бәрінің де атағы бар, олар бүгінге дейін талай додада топ жарған. Әлем біріншілігінде жеңген Нұрғасқа сәйгүлігінен үлкен үміт күтеміз. Сонымен қатар, шараға Жұмыртұяқ, Секрет секілді танымал аттар да қатысуы ықтимал. Дубайдағы бәйгеде жеңіске жеткен Кабирхан да келеді деп жоспарланып отыр. Ұйымдастыру дирекциясы шетел спортшыларына ат үлестіреді. Тек көрші Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан спортшылары ғана өз аттарымен келеді".

Сондай-ақ, Қайырхан Мәулен дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысатын 21 спорттың 10 түрі – қазақтың ұлттық спорты екенін атап өтті:

"Отандық спортшылардың оқу-жаттығу жиындары былтыр басталды. Қазақстан құрамасы осы додада көш бастауды мақсат тұтқандықтан, спортшыларымыз барлық 21 спорт түріне дайындалды. Көшпенділер ойыны қазақстандық жанкүйерлердің ұлттық спортқа деген сүйіспеншілігін арттыруға үлес қосады деп үміттенеміз". 

V дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8 қыркүйекте басталып, 13 қыркүйекте аяқталады. Додада спорттың 21 түрі бойынша 97 медаль сарапқа салынады. Дүниежүзілік көшпенділер ойыны тікелей эфирден көрсетіледі деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, көшпенділер ойындары бұған дейін үш рет Қырғызстанда, бір рет Түркияда өткен.