Дональд Трамп қараша айындағы сайлауда Республикалық партия атынан АҚШ президентіне үміткер болуға келісетінін мәлімдеді, деп жазады ABC News.

Бейсенбі күні Республикалық партияның ұлттық құрылтайының соңғы күнінде Дональд Трамп Милуокиде салтанатты сөз сөйлеп, жиналғандардың қошеметіне ие болды.

Трамп жергілікті уақыт бойынша сағат 22.30-да сахнаға шығып, сенбі күні Пенсильваниядағы шабуылдан кейін алғаш рет Республикалық партияның президенттігіне кандидат ретінде ұсынылуды қабылдады.

"Мен Американың жартысы емес, бүкіл Америка атынан үміткермін, өйткені Американың жартысы үшін жеңіске жету ешқандай жеңіс әкелмейді", – деді Дональд Трамп.

Трамп сенбі күнгі шабуылдан кейін қолдау көрсеткендерге алғыс айтты. Ол Пенсильваниядағы атыс кезінде жиналғандардың үрейленіп қашып кетпегенін атап өтті.

Олардың көпшілігі ерлік көрсетіп, снайпердің қайда болуы мүмкін екенін іздей бастады. Мұны үміткердің артында тұрған топқа қарап көруге болады. Ешкім жүгірмеді, соның арқасында көптеген адам аман қалды.

Д.Трамптың сөзі 1 сағат 33 минутқа созылды. Бұл тарихтағы президенттікке ұсынылатын ең ұзақ сөз болды. Бұған дейінгі рекорд 1 сағат 15 минут болған, оны 2016 жылы да Д.Трамп орнатқан болатын.