Ақтөбе облысы Кеңқияқ ауылындағы мектептің мұғалімдері директордан көрген қорлығымыз көп деп шу шығарды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Шыр-пыр болған педагогтар жаңа басшы келгелі ұжымнан береке кетті деп отыр. Айтуларынша, ұстаздарды жұмысқа конкурссыз қабылдап, білгенін істейді. Ол аздай, қарсы шықсақ жұмыстан босатып, қудалайды деп ашынады. 

Мектептің жаңа директорынан мазамыз қашты дейді мұғалімдер. Қарсы шықсаң күн көрсетпей, жазаның түр-түрін қолданады. Айтқанына көнбесең жұмыстан шығарудан да тайынбайды деп отыр. 

"Мектеп директорымыз біздерге қысым жасау арқылы сол кісіден жазаның түр-түрін алып жатырмын. Және қысымның түрін көріп жатырмын. Мен оған шындықты айтып, үнемі қарсы шығатындықтан ол кісі мен жолынан алып тастағысы келіп, қазіргі таңда ең ауыр тигізіп тұрғаны 21 қазаннан бастап мені жұмысымнан босатып тастады. Бірақ ешқандай түсініктеме де берілмейді. Сөгіс те берілмейді", – деді Кеңқияқ орта мектебінің бұрынғы мұғалімі Ханым Ахметжанова.

 

Басшы ескі кадрларды тазалап, таныстарын конкурссыз жұмысқа қабылдайды дейді шағымданушылар. Осы бассыздықтарды жіпке тізіп, білім басқармасына айтып бердік. Бірақ еш шара қолданылмады деп күйінеді. 

Басы дауға қалған директордың өзі қарамағындағы қызметкерлердің сөзін жоққа шығарды. Айтуынша, бір ғана ұстаз еңбек кодексіне сәйкес жұмыстан шығарылған. 

"Аталған педагог мектептің ішкі тәртіп ережесін бірнеше рет бұзу фактісі орын алды. Осыған байланысты тәртіптік шара қолданылды. Және еңбек кодексіне сәйкес жұмыстан босатылды", – деді Кеңқияқ жалпы білім беретін орта мектебінің директоры Айнаш Бришова. 

Ал облыстық білім басқармасы мектептегі жағдайдан хабардар. Тіпті, ұжыммен кездесу өткізген. Және тексеріс жұмыстарын да бастапты. 

"Жалпы басқа да жағдайлардың мән-жайын анықтау мақсатында облыстық білім басқармасы жанынан зерделеу тобы құрылды. Кешенді түрде зерделеу жүргізіледі. Сол зерделеудің қорытындысымен ғана нақты шешім қабылданады", – деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова. 

Шенеуніктердің жауабына қанағаттанбаған ұстаздар енді министрліктен араша сұрамақ.