Динара Сәтжан отандық сән жобасына 10 млн теңге инвестиция бөлуге дайын
Жобада биыл алғаш рет жас шектеуі болмайды.Startup Bolashaq бизнес-жобалар байқауының бесінші маусымы басталды. Биыл алғаш рет жас шектеуі болмайды. Осы уақытқа дейін тек 18-20 жас аралығындағы азаматтар қатысқан еді. Бұл туралы Bolashaq қауымдастығының мүшесі, Alawwal Partners инвестициялық қорының басқарушы серіктесі Қаныш Тілеушін мәлімдеді. Сондай-ақ, тележурналист, жобаның бренд-амбассадоры Динара Сәтжан сән саласындағы жобаға 10 миллион теңге көлемінде инвестиция бөлетінін айтты.
"Бүгін Startup Bolashaq байқауының V кезеңі басталғанын хабарлаймыз. Өтінімдер бүгіннен бастап 22 қаңтарға дейін қабылданады. Бұл жоба жаңа кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Егер сізде бизнес идея болып, оған қаражат немесе білім жетіспесе, онда біздің жоба сізге арналады. 2016 жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан жобамыздың шығу тарихы ерекше. Оксфорд Брукс университетінде "инновациялық менеджмент" мамандығы бойынша білім алып жүрген кезде бізді Dragons' Den бағдарламасының түсіріліміне алып барды. Танымал конвейерлік суши сол жобада таныстырылып, оны бизнес періште қолдаған еді. Осыны көрген "Болашақ" студенттерінде "Неге біздің елде аталған бағдарламаның аналогын жасамасқа?! деген ой келді. Жаңа, қызық мәдениетті көрсеткіміз келді", – деп түсіндірді Қаныш Тілеушін.
Сондай-ақ, бизнесмен 2016 жылы ақша жеңімпаздарға грант түрінде берілсе, қазір қаражаттың инвестиция түрінде құйылатынын айтты. Яғни, бизнес ангел кәсіп бойынша серіктес болып, жол көрсетіп отырады.
Алғашқы маусым жеңімпазының менторы болған Динара Сәтжан бұл жолы сән саласын дамытуға инвестиция бөлуге әзір екенін айтты.
"Алғашқы маусым жеңімпазы Елдос Байлышбаевтың бизнес менторы болдым. Ол жеңіп алған грантқа Талдықорғанда оңалту орталығын, Алакөлде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін демалыс орнын ашты. Елдос жол апатына түсіп, жүру мүмкіндігінен айырылған болатын. Кейін сол Алакөлдегі батпақпен өзін емдеп жазды. Сол себепті бұл жоба керек деп ойлаймын. Биыл да жобада бизнес періште болып, 10 миллион теңге бөлгім келеді. Бірақ, бірден айтамын, бұл fashion саласы болады. Он жылдан астам уақыт отандық өнімді дамытып келемін. Көп жағдайда журналист әріптестерім "Дизайнерлерді қолдаудың не керегі бар?" деп ойлайды. Олар үшін дизайнерлер гламур әлемінде ғана жүретін сияқты. Шын мәнінде олай емес. Сәнгерлер күнделікті киетін киімдерді тігеді. Осы саланы бастан-аяқ білетіндіктен, инвестор болуға дайынмын", – деп қосты Динара Сәтжан.