Дін бостандығын қолдаймыз, алайда соқыр сенімге қарсымыз – Ерлан Қарин
Мемлекет ел ынтымағын бұзатын әрекеттердің бәріне заңмен тосқауыл қояды.Қазақстан Республикасының мемлекеттің кеңесшісі Ерлан Қарин "Егемен Қазақстан" басылымында жарық көрген мақаласында қазақстандықтарды елдігімізге, бірлігімізге, ынтымағымызға сызат түсіретін дүниеден алшақ болуға шақырды.
"Бұл тұрғыда ел ішіне іріткі салатын әрекеттерге ғана емес, жұртты арандатып, дау-дамай туғызуы мүмкін кез келген сөзге абай болған жөн. Өкінішке қарай, тым шолақ ойлайтын кейбір әсіребелсенділер, кейде тіпті іс-әрекеті ақылға сыймайтын адамдар көпшілікке өзінің сыңаржақ көзқарастарын күшпен таңып, жұртшылықтың пікірін өз ыңғайына қарай бұрғысы келеді", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Салт-дәстүрмен тығыз сабақтасқан дәстүрлі исламды қадірлеу өте маңызды
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, Қазақстан елдің ынтымағын бұзып, шаңырағын шайқалтқысы келетін кез келген әрекетке заң арқылы қатаң тосқауыл қояды.
"Шектен шығуға жол жоқ" деген қағида әрдайым басшылыққа алынады. Біз дін бостандығын қолдаймыз, алайда соқыр сенім мен надандыққа қарсымыз. Біз отаншылдықты қолдаймыз, алайда ксенофобия мен әсіреұлтшылдыққа қарсымыз. Біз либерализмді қолдаймыз, алайда жүгенсіздік пен нигилизмге қарсымыз. Барша адамдар, әсіресе қоғамдық-саяси өмірге белсене атсалысып жүрген азаматтар, өзінің саяси көзқарасы мен ұстанымына қарамастан, жалпыұлттық мүддені, мемлекеттілікті сақтау және нығайту мәселесін бәрінен биік қоюға тиіс", – деп атап өтті Ерлан Қарин.