Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Америка құрлығындағы және Еуропадағы концерттері аясында Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Ұйымның ізгі ниет елшісі ретінде Димаш Құдайберген миллиондаған мигранттар мен еріксіз қоныс аударушылардың тағдырына назар аударту миссиясын өз мойнына жүктеген. Бұл туралы "Отандастар" қоры жазды. 

Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметінше, әр концерт барысында көрермендер арнайы QR-код арқылы ұйымның қайырымдылық бетіне өтіп, гуманитарлық көмекке өз үлесін қоса алады. Жиналған қаражат көмекке мұқтаж жандардың өмірін сақтап қалуға және қауіпсіз болашақ құруға бағытталады. 

"Музыка – бізді біріктіретін ортақ тіл. Біз көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсету арқылы әлемді мейірімді ете аламыз", – деді әнші Димаш Құдайберген. 

Еске салайық, Димаш Құдайбергеннің 5 қазанда Нью-Йорктегі "Мэдисон-сквер-гарден" аренасында басталған концерттік туры Мехико, Барселона, Лондон және Берлин қалаларында жалғасады.