Депутат "соңғы қоңырау" шарасын 30 мамыр не 1 маусымға ауыстыруды ұсынды
Жаңа өзгерістер бойынша соңғы қоңырау 31 мамыр – ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні соғылуы тиіс."Мектептердегі соңғы қоңырау күнін 30 мамырға, болмаса 1 маусымға ауыстыру керек. Бұл – ешқандай талқылауды қажет етпейтін әділетті талап", деді мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтың атына жолдаған сауалында.
Депутат Қазақстанда 31 мамыр – ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне лайықты құрмет көрсетілмей жүргенін жеткізді.
"Шындықты мойындау керек, осы күні алаш арыстарының рухына жасап жүрген құрметіміз олардың ескерткіштері мен мемориалдық орындарға гүл шоғын қою, сол жерлерде бірер парақ сөз оқудан аспай тұр. Елдің ел болуы үшін ғазиз басын бәйгеге тіккен арыстар мен қолдан жасалған зұлматтың аранына жұтылған жазықсыз бауырларымыздың әруақтары алдында осындай шаралармен шектелуіміз ұят деудің өзі аз, бұл – елдігімізге сын болып тұрған жағдай", – деді депутат.
Оқи отырыңыз: "714 мың құжат әлі құпия". Қуғын-сүргін мен ашаршылық тарихы қалай зерттеліп жатыр?
Мәжілісмен мектептердегі соңғы қоңырау уақытының 31 мамырға белгіленгеніне наразылық танытты.
"Бұл да аз болғандай, ҚР оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 12-тамыздағы № 363 бұйрығына сәйкес, орта білім беретін мектептердегі соңғы қоңырау 36 оқу аптасының соңы 31 мамыр болып бекітіліп отыр. Бұл шешімнің бейіт басында той жасағандай әсер етіп тұрғанын айтпасақ болмайды. Аталған министрлікте осыны уақытында аңғарып, дер кезінде бұл бұйрықта оңтайлы шешім ұсынуға түсінігі жететін бір адамның табылмағаны ма? (...) Сондықтан мектептердегі соңғы қоңырау күнін 30 мамырға, не болмаса 1 маусымға ауыстыру керек. Бұл – ешқандай талқылауды қажет етпейтін әділетті талап", – деді Аманжол Әлтай.
Оқи отырыңыз: Қарин президентке саяси қуғын-сүргін құрбандары бойынша 31 том құжат ұсынды
Сонымен бірге ол ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өтуге қатысты Үкіметке бірнеше ұсыныс білдірді.
Атап айтқанда:
- Жалпы халықтық үнсіз еске алу минутын ұйымдастыруды;
- Телеарналарда әзіл-қалжың, шоу бағдарламалар, эстрадалық концерттер тоқтатылып, оның орнына ел тарихындағы қасіретті күндерді жас ұрпақтың жетік түсінуіне жол ашатын мазмұнды бағдарламалар көрсетуді;
- Ақпараттық құралдарда атаулы күннің тарихи салмағын, тағылымдық мағынасын жан-жақты жеткізетін мақалалар жариялауды;
- 31 мамыр күні ұстаз – сабағын, дін өкілдері – уағызын, министрлер мен әкімдіктер, мемлекеттік мекемелер мен жеке секторлар сол күнгі жиналысын, жұмыс күнінің басын ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске еске алумен бастауын;.
- Мектептердегі соңғы қоңырау күнін 31 мамырдан басқа күнге ауыстыруды;
- Балабақшалар мен мектептерде, жоғарғы оқу орындарында балалар мен жастарға арнаулы дәрістер, пікірлесу сағаттары, зиялы қауым және тарихшылармен кездесу кештері өткізуді жолға қоюды ұсынды.