Қазақстанда балалардың 58 пайызы анемияға шалдыққан, А дәрумені тапшылығы бар балалардың қатары 23 пайызға жетті, деп мәлімдеді парламент сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова. Осы орайда ол асханаларда біліктілігі бар аспаздардың аз екенін сынға алды. 

"Білім беру мекемелеріндегі тамақтан сырқаттанып жатқандар қатары көбейді. 2020 жылдан бері мектеп жасындағы шамамен 425 бала тамақтан жаппай уланды. Басты себептер асхана қызметкерлері арасында ішек инфекциясының болғаны, медициналық тексеруден өту туралы құжаттарды қолдан жасау, объектінің санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысының болмауы, азық-түлікті сақтау және өткізу шарттарының бұзылу жағдайы. Асханада жұмыс істейтін мамандардың біліктілігі мәселесі назар аударуды талап етеді. Әрбір үшінші мектеп асханасында кәсіби білімі жоқ аспаздар жұмыс істейді, 21,8 пайызының арнайы біліктілігі жоқ", – деді Ақмарал Әлназарова. 

Сондай-ақ ол білім беру ұйымдарында таза ауыз суға қол жеткізу мәселесінің әлі де проблема болып отырғанын атап өтті. Дәл қазір мектеп оқушыларының 68 пайызы үйден су әкеледі, шамамен 30 пайызы мектептен су сатып алады. 


Оқи отырыңыз: "Ұлттық қор – балаларға": Ата-ана шот ашуы қажет пе? Өзекті 7 сұраққа жауап


"Мектепте ішуге жарамды ауыз су болса, балалар қанты бар сусындардан бас тартады. Мұнымен қатар мектептегі тамақтану құнын есептеу барысында шикізаттық емес шығындар есепке алынбай отыр. Өнімді сатып алуға тікелей шығындар ғана ескеріледі. Бұл толыққанды және теңдестірілген мәзірді қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді", – деді депутат.