Депозитке 10 пайыз өтемақы: Өтініш қабылдау мерзімі аяқталуға жақын
Банктер өтінішті 1 қаңтарға дейін ғана қабылдайды.Қазақстандықтар 2022 жылдың 23 ақпанынан 2023 жылдың 23 ақпанына дейін депозитте жатқан ең төменгі сомағаға 10 пайыз сыйақы ала алады. Бұл жинақ, мерзімді, мерзімсіз, білім беру жинақтау салымдары және тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіндегі салымдарға да қатысты. Өтемақы төленетін ең жоғары сома – 20 миллион теңге.
Өтемақы алу үшін салымшы 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін депозиті бар банкке өтініш беруі қажет. Оны банк бөлімшесіне барып немесе банктің ресми мобильді қосымшасы арқылы онлайн беруге болады.
Оқи отырыңыз: Депозиттен 10 пайыз: Қанша салымшы өтемақы алады?
Өтемақы 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін тиісті ережелерде белгіленген мерзімде аударылады. Екінші деңгейдегі банктер мәліметтерінше, 5 миллионнан астам салымшы шамамен 336 миллиард теңге сомадағы салымдарына өтемақы ала алады.
Еске салайық, 9 желтоқсандағы жағдай бойынша, депозитінде 74,5 млрд теңге салымы бар 3 миллион қазақстандық өтемақы алуға өтініш бермеген.