Отбасы банкі депозиттер бойынша өтемақы алуға өтініш қабылдаудың қосымша науқаны басталғанын хабарлады.

Өтінішті "Баспана маркет" жылжымайтын мүлік порталындағы жеке кабинетте және Otbasy bank мобильді қосымшасы арқылы (бұл қызмет жақын күнде іске қосылады) онлайн беруге болады.

Отбасы банкіндегі депозиттер бойынша берілетін 10 пайыз көлеміндегі өтемақылардың ең жоғарғы сомасы 20 млн теңге екенін ескертеміз. Бұл бір банктен ашылған барлық депозиттердің жалпы сомасына берілетін максималды қаражат. Өтемақы 2022 жылдың 23 ақпанындағы жағдай бойынша Отбасы банкінде депозиттері бар және бұл салымдарын 2023 жылдың 23 ақпанына дейін сақтаған барлық салымшылардың жинақтарына аударылады.

Салымды бөлу арқылы ақша депозиттен ішінара алынған болса, онда өтемақы жинақталған салымның ең аз қалдығына есептеледі. Оның үстіне 2022 жылдың 23 ақпанынан кейін салымға толықтырылған қаражат есепке алынбайды. Егер банк салымшысында аралық және алдын ала тұрғын үй займдарын алу мақсатында, оның ішінде үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша депозит  қамтамасыз ету ретінде берілген салымы болса, сондай-ақ аталмыш депозит 2023 жылдың 23 ақпанына дейін сақталса, онда ол да тиісті өтемақы алады.


Оқи отырыңыз: Отбасы банкі депозиттік операцияларды наурызға дейін не үшін тоқтатқанын түсіндірді 


Жақын туыстарға (тегін) тағайындалған салымдар, сондай-ақ біріктірілген депозиттерге де өтемақы беріледі.

Өтемақы келесі депозиттер бойынша төленбейді:

  • депозит жабылса;
  • кепіл ретінде болған, кейін несие өтеліп, келісімшарты тоқтатылған депозиттер.
  • 2022 жылдың 24 ақпанынан бастап 2023 жылдың 23 ақпанына дейінгі кезеңде (қоса алғанда) депозит бойынша тұрғын үй заемына көшкен, оның ішінде автоматты түрде көшкен салымдар бойынша;
  • онлайн табыстау арқылы сатылған немесе сатып алынған депозиттер бойынша.

Өтемақы салымшылардың депозиттеріне 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін, Отбасы банкіне ақша түскен сәттен бастап 2 жұмыс күні ішінде аударылады. Өтемақы алу үшін бөлек шот ашудың қажеті жоқ.

Банк дерегінше, 2022 жылғы үш айда Отбасы банк клиенттерінен өтемақы алу үшін 860 166 өтініш қабылдаған. Оның 130 900 астамы – балалар депозиттері бойынша. Жолданған өтінімдердің жалпы сомасы 116,1 млрд тенге.