ДДСҰ басшысы Тедрос Гебрейесус қазақстандық құдаларымен бірге қазақша ән шырқады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Гебрейесус Қазақстанда өткен отбасылық кешке қатысып, құдаларымен бірге қазақша ән шырқады. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында бөлісті.
Видеода онымен бірге мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов және басқа да қонақтар болғаны көрінеді. Барлығы бірге "Атамекен" әнін орындаған.
Жазбасында ДДСҰ басшысы қазақстандық құда-жекжаттарына алғыс айтқан.
"Қазақстандағы құда-жекжаттарыммен керемет уақыт өткіздім. Бір шаңырақ астында күлкі, махаббат және әсем әндер айтылды. Үш керемет немерем үшін де рақмет. Олар мен үшін бәрі. Бұл – менің екінші үйім", – деп жазды ол.
Айта кетейік, ақын Жүрсін Ерманның Ардақ деген кіші қызы Дәулет Тұрлыхановпен отау құрған. Олардың үлкен ұлы Ерасыл Болат – дзюдо күресінен спорт шебері. Республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Қарындасы Айдана Швейцарияда академия, Испанияда магистратура бітірген. Төрт жылдан бері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының директоры Тедрос Аданом Гебрейесустің баласымен отау құрған.