Дәурен Абаев: Қазақстандықтар әлі де Ресейді достас ел деп санайды
Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Абаев ресейлік басылымға берген сұхбатында қазіргі қазақстандықтардың, әсіресе жастардың Ресейге деген көзқарасы туралы айтып берді, деп хабарлады "Аргументы и факты".
Қазақстанда Ресейге деген көзқарас
Елшінің айтуынша, Қазақстан халқының 60%-ға жуығы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін дүниеге келген және ресейліктермен ортақ мемлекетте өмір сүрмегенімен, Ресейді жылы қабылдау үрдісі сақталып отыр.
"Елімізде орыс тілін еркін меңгерген жастар өте көп. Олар ресейлік фильмдерді тамашалап, ресейлік музыка тыңдайды. Әлеуметтік сауалнамалар нәтижесі бойынша, Ресей қазақстандықтардың пікірінше, ең жақын және дос мемлекеттердің қатарында", – деді Дәурен Абаев.
Оның айтуынша, екі ел арасындағы қарым-қатынастың негізінде терең тарихи байланыстар, көршілестік пен өзара қолдау дәстүрі, ортақ мәдени және менталдық тамырлар жатыр.
"Бізде әлемдегі ең ұзын ортақ шекара бар. Экономикалық, гуманитарлық және саяси жобаларымыз да ортақ. Ұрпақтар ауысып жатса да, бұл байланыс мызғымай сақталуда", – деп атап өтті ол.
Дәурен Абаевтың пікірінше, Қазақстан мен Ресей халқының басым бөлігі екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастықты қолдайды. "Әрине, кез келген қоғамда мемлекеттердің саясатына көңілі толмайтындар болады. Бұл – қалыпты жағдай. Бірақ қос мемлекеттің әлеуметтік өзегі достық пен әріптестікті қолдайды", – деді ол.
Ортақ сын-қатерлер мен мәселелер
Сұхбат барысында Дәурен Абаев Қазақстан мен Ресейдің бірқатар ортақ мәселелерді бірлесіп шешіп жатқанын айтты. Соның бірі – су ресурстары. Елші атап өткендей, 2010 жылдан бері су мәселелері бойынша екі ел арасында келісімдер мен бірлескен комиссиялар жұмыс істейді, әсіресе су тасқыны кезеңінде іс-қимылдар үйлестіріледі.
"Бұдан да маңыздысы – екі тарап та технология мен инфрақұрылымға инвестиция салуға, өзара құрметпен қарауға және суды әділ, ғылыми негізде бөлуге дайын", – деді Дәурен Абаев.
Энергетика саласында да Қазақстан мен Ресей бәсекелес емес, серіктес. Қазақстан Еуропаға мұнайды ресейлік құбырлар арқылы жеткізсе, Ресей Қытай мен Үндістан нарықтарымен жұмыс істейді. Екі ел де болашақта мұнайға тәуелділіктен арылып, баламалы энергетиканы дамытуға күш салуда.
Шекарадағы мәселелер және жаңа ережелер
Елші Ресейдің соңғы уақытта енгізіп жатқан көші-қон ережелері мен тыйым салынған тұлғалар тізіміне қатысты пікір білдірді. Дәурен Абаевтың айтуынша, мұндай шектеулер — халықаралық тәжірибеде жиі кездесетін құбылыс және негізінен заң бұзушыларға қатысты қолданылады.
30 маусымнан бастап Ресей Қазақстан азаматтары үшін жаңа кіру ережелерін сынақтан өткізуде. Елші бұл жағдайға түсіністікпен қарап, оны Ресейдің егемен құқығы деп есептейді. Сонымен қатар, ол жаңа RuID сервисі қазақстандықтардың шекарадан өтуін жеңілдетеді деген үмітін білдірді.
"Бүгінде кез келген адамның смартфонмен-ақ "ақпарат көзіне" айналуы – шындық. Өкінішке қарай, кейде танымал болу үшін екі жақтағы кейбір тұлғалар кәсібилік пен этиканы құрбан етуге дайын", – деді елші.
Қазақ еліндегі өзгерістер
Сұхбат соңында Дәурен Абаев соңғы алты жылда Қазақстанда жүзеге асып жатқан реформаларға тоқталды. Оның айтуынша, бұл – үлкен өзгерістер кезеңі болды.
"Бұл реформалар елімізді әділетті, ашық әрі заманауи сын-қатерлерге дайын мемлекетке айналдыруда", – деді ол.