Ішкі істер министрлігі Шерзат Болаттың өліміне қатысты қылмыстық іс туралы брифингте оқиға орнынан тәркіленген бейнежазбаны ұсынды. Онда осы іске қатысушылардың әрекеті көрсетіледі.

"Күдікті адамдар толық бәрі ұсталынды. Айыптар тағылды. Соттың санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде таралып жатқан жалған ақпараттар бар. Бүгін біз видеодағы негізгі фрагменттерді көрсетеміз. ...Күдіктілерді ақтау үшін көрсетіп жатқан жоқпыз. Олар ұсталды. Аса ауыр қылмыс жасады деген айып тағылды. Соттың санкциясымен қамауға алынды. Видеода монтаж болған соң. Бірден сараптамаға бердік", – деді Ішкі істер министрлігі тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов.

Оның түсіндіруінше, дүкен ішінде екі камера, сыртта бір камера болған. Видео күдіктінің екі бөтелке сыра мен темекі алған сәтінен басталады. ІІМ өкілі видеодағы кадрлар туралы пікір білдіргенде жанжал ішімдік шөлмегіне бола басталмағанын айта кетті.

"Күдікті екі-екіден төрт шөлмек сыра алған. Қалтасынан алып мың теңге төлегені видеода көрінген. Видеода адамдардың шыққаны, кіргені де бар. Ол сотта қолданылады. Кейін ол қайтып келіп, телефонын қуаттауға береді. Араларында ешқандай келіспеушілік жоқ. Дүкеннің ішінде екі бейнекамера бар. Біреуі жалпы түсіреді, екіншісі сату бөлімін, үшіншісі шығаберісте тұр. Оның алдында марқұм Шерзат далаға шығып кетеді. Кейін телефон алған бала далаға шығады. Бұл жерде ешқандай дау болмаған", - деді ол.