IBF халықаралық бокс федерациясы барлық салмақ санатындағы боксшылар рейтингінің жаңартылған нұсқасын жариялады.

Аталған рейтингтегі қазақстандық боксшылардың позициясы:

Екінші ортақ салмақ санатында Айдос Ербосынұлы 4-орында. Алғашқы екі позиция бос, ал 3-орын ресейлік Евгений Шведенкоға тиесілі. Бұл дивизиондағы IBF әлем чемпионы – мексикалық Сауль "Канело" Альварес.

Орта салмақ санатында чемпион атағы Генадий Головкинге тиесілі. Жәнібек Әлімханұлы – 9-орында, ал Мейірім Нұрсұлтанов 12-орыннан 13-орынға төмендеді. Ал бұған дейін 14-орында болған Қанат Ислам рейтингке ілінбеді.

Сондай-ақ, жартылай орта салмақта өткен айда 13-орында болған Данияр Елеусінов те рейтингке кірмей қалды. Бұл дивизионда әлем чемпионы – америкалық Эррол Спенс, алғашқы екі позиция бос, ал үшінші орында – оның отандасы Джарон Эннис.