Хорватияның Дубровник қаласында өткен дзюдодан Еуропа кубогында Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетті. Отандық спортшылар жарыс қорытындысы бойынша алтын, күміс және қола жүлде иеленді, деп хабарлайды ҰОК.

73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Данияр Шамшаев қарсыластарынан басым түсіп, турнир жеңімпазы атанды. Ол финалда шеберлігін дәлелдеп, Қазақстан Әнұранын Хорватия төрінде шырқатты.

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мәліметінше, ұлттық құрама тағы екі медальмен толықты. 60 келіге дейінгі салмақта Дамир Болатбеков финалға дейін жетіп, күміс жүлдеге ие болды.

"Ал ауыр салмақта сынға түскен Толқын Тұрсынақынова үздік үштікке еніп, қола медаль жеңіп алды. Осылайша, Қазақстан құрамасы халықаралық додада жоғары нәтиже көрсетіп, ел абыройын асқақтатты", – делінген хабарламада.