"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорында ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Директорлар кеңесінің отырысы өтті.

2025 жылы "Даму" қорының қызметі субсидиялаудан кепілдік беру механизмдері мен жеңілдікпен несие беруге қарай ойысып, қолдаудың нарықтық емес механизмдерінен неғұрлым орнықты әрі нарықтық құралдарына кезең-кезеңімен көшуге бет бұрды. Негізгі басымдық өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау, білім беру, көлік пен қойма, туризм секілді экономиканың маңызы жоғары салаларын қолдауды көздейді. 

Алдын ала деректер бойынша, қор активтерінің кіріс көрсеткіші (ROA) 7,6%-ды (2025 жылдағы 11 ай қорытындысы бойынша) құрады. Бұл – бір жылғы жоспарлы көрсеткіш: 2,6%-дан айтарлықтай асып түскен жоғары нәтиже.

Қазір Қор барлық құралдар бойынша 11 мыңға жуық жобаға 1,9 трлн теңгеге қолдау көрсетті. Жыл соңына дейін қолдау көлемін жалпы сомасы 2,3 трлн теңге және 13 мың жобаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Кепілдік беру

Биыл шағын, орта және ірі бизнесті қолдау үшін Кепілдік қорлары құрылды. "1-Кепілдік қоры" аясында жалпы сомасы 440 млрд теңгеден асатын 2,5 мыңнан астам жоба қолдау алды. Оның ішінде 245 млрд теңгесі – кепілдік сомасы. Несиенің орташа мөлшері 174 млн теңгені, кепілдіктің орташа мөлшері – 96 млн теңге болды. Қолдау көрсетілген жобалар ішінде микро және шағын бизнес 96,3%, орта бизнес – 3,3%, ірі бизнес – 0,4%.

Мақұлданған жобалардың 70%-дан астамы жаңа өндіріс орындарын іске қосу, жабдықтар сатып алу және ғимараттар салу, инвестиция үшін қаражат алған. Мақұлданған өтінімдердің ең көбі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Ондағы несиенің жалпы көлемі шамамен 39%-ды құрайды. Көлік және логистика, сондай-ақ білім беру салаларында да сұраныс жоғары.

Бағдарламаға елдің барлық өңіріндегі кәсіпкерлер қатыса алады. Қолдау алған жобалар саны бойынша Астана және Алматы қалалары, сондай-ақ Ақтөбе мен Маңғыстау облыстары көш бастап тұр. "1-Кепілдік қоры" аясында екінші деңгейлі 11 банк, "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ және "Ақтөбе" ӘКК АҚ келісімге қол қойды.

"2-Кепілдік қоры" аясында алғашқы кепілдікті беру туралы шартқа қол қою рәсімі. Фото: "Даму" қорының баспасөз қызметі

Ал "2-Кепілдік қоры" аясында 23,7 млрд теңгеге қаржыланған 2 жоба 9,9 млрд теңгенің кепілдігін алды. Несие сомасы 375 млрд теңге болатын тағы 8 жобаға жалпы сомасы 89,6 млрд теңгеге кепілдік беріледі деген жоспар бар. Ол жобалар өңдеу өнеркәсібі мен білім беру салаларын қамтиды.

Жеңілдікпен қаржыландыру

2025 жылғы маусымнан бастап "Даму" қоры кәсіпкерлердің бизнесін жылына 12,6%-бен қаржыландыратын "Өрлеу" жеңіл несие беру бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама бойынша қор мен екінші деңгейлі банктер бірлесіп қаражат бөлу арқылы бизнесті қаржыландыру көзделген.

Бүгінге дейін бағдарлама аясында 1,9 мыңнан астам жоба жалпы сомасы 511 млрд теңге жеңіл несие алды. Несиенің орташа мөлшері шамамен 270 млн теңге. Жобалардың ішінде өңдеу өнеркәсібі – 51%, көлік және қойма – 14%, туризм – 14%. Бағдарламаға елдің барлық өңірінің кәсіпкерлері қатыса алады. Қаржыландыру көлемі бойынша Алматы мен Астана қалалары, Алматы облысы, Шымкент, сондай-ақ Қарағанды мен Қостанай облыстары көш бастап тұр. Бағдарламаға 9 банк қатысады.

Сондай-ақ, ел президенті мен премьер-министрдің цифрлық теңгені пайдалануды масштабтау жөніндегі тапсырмаларына сәйкес "Даму" қоры Halyk Bank арқылы ұлттық валютаның цифрлық түріндегі алғашқы жеңіл несиесін берді.

Субсидиялау

Биыл Сауда және интеграция министрлігінің бұйрығымен бекітілген Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидалары аясында ішкі сауда субъектілерін субсидиялау құралы жүзеге аса бастады. Бағдарлама республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан басқа елдің 17 өңірінде жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар, 2025 жылдың желтоқсанында портфельдік субсидия механизмі басталды. Осы құрал аясында 200 млн теңгеге дейінгі мәмілелер бойынша 5 банк және 5 лизингтік компаниямен субсидиялау туралы келісімдерге қол қойылды.

Субсидиялау құралы аясында жыл соңына дейін 4,7 мыңға жуық жобаға шамамен 459 млрд теңге сома қолдау көрсету жоспарлануда.

Айта кету керек, қордың кәсіпкерлер алдындағы субсидия бойынша барлық міндеттемелері жыл соңына дейін толық орындалды.

Отандық өндірушілердің "Ulttyq ónim" көрмесі

2025 жылдың жарқын оқиғасы – отандық өндірушілердің "Ulttyq ónim" атты VIII көрмесі болды. Қазақстанның бар өңірінен жиналған 366 компания өнімдерін EXPO халықаралық көрме орталығында ұсынды. Экспозиция азық-түлік, жеңіл және химия өнеркәсібі, машина жасау, жабдық өндірісі, зергерлік өнеркәсіп және басқа да салалардағы мыңдаған тауарлардың басын бір жерге тоғыстырды. Ондағы барлық компания "Даму" қорының құралдары аясында мемлекеттік қолдауға ие болды.

Отандық өндірушілердің "Ulttyq ónim" көрмесі. Фото: "Даму" қорының баспасөз қызметі

Биыл жылы көрмеге келген қонақтар саны 25 600 адамға жетіп, рекорд көрсеткіш тіркелді. Үш күн ішінде 76 млн теңгенің өнімі сатылды, 89,8 млн теңгеге 14 келісімшарт жасалды және ниет туралы 314 шартқа қол қойылды. Іс-шара аясында банктердің топ-менеджерлерінің, серіктестер мен демеушілердің қатысуымен панельдік сессиялар өтті.

Ашық есік күндері

Кәсіпкерлерді қолдауды ыңғайлы етіп, тиімділігін арттыру мақсатында "Даму" қорының филиалдары мен бас кеңсесінде жыл бойы 2 мыңға жуық кәсіпкер Қор басшылары, мемлекеттік органдар, банк өкілдері, заң, бухгалтерия және салық мамандарынан тікелей консультация алған "Ашық есік күндері" өтті. Бұл іс-шараның тиімділігі айқын болды және келесі жылы оны бұдан да ауқымдырақ ұйымдастыру жоспарда бар. 

Алматы қаласындағы ашық есік күні. Фото: "Даму" қорының баспасөз қызметі

Осылайша, "Даму" қорының жұмысында қаржылық жағдай тұрақты, негізгі көрсеткіштер орындалған және кәсіпкерлікті қолдау құралдары едәуір кеңейгені аталды.