Covid пандемиясынан кейін әлем экономикасы енді ғана тұрақтанып келеді – Дүниежүзілік банк
Дегенмен, пандемияға дейінгі деңгейге жетуге әлі ерте.Дүниежүзілік банк Covid пандемиясының әлем экономикасына әсері және оның салдарлары туралы баяндаманы әзірледі. Оған сәйкес, биыл, 2024 жылы соңғы үш жылда тұңғыш рет әлем экономикасы өсімінің қарқыны тұрақтанады. Бірақ, тарихи көрсеткіштермен (пандемияға дейінгі онжылдықтағы көрсеткіш – 3,1%) салыстырғанда, оның мәні өте төмен – бар болғаны 2,6% деңгейінде. Алдағы екі жылда да өсім орта есеппен 2,7% деңгейінен артпайды деген болжам жасалды.
"Пандемияға салдарлары, инфляция, елдер арасындағы қақтығыстар, ақша-несие саясатындағы қатаң шараларға толы төрт жылдан кейін әлем экономикасы енді-енді тұрақтанып келеді. Бірақ, экономиканың өсімі 2020 жылға дейінгі жоғары мәндерден әлдеқайда төмен. Кедей елдердің жағдайы үлкен алаңдаушылық туғызады. Олар сауда мүмкіндіктерінің шектелуі, климаттық құбылыстар, сыртқы қарыздарына байланысты ауыр жағдайға тап келіп отыр. Мұндай тым кедей елдердің саны 75. Олар халықаралық көмекке мұқтаж", – деді Дүниежүзілік банк тобының аға вице-президенті Индермит Гилл.
Биыл дамушы елдердің әрбір төртіншісі пандемияға дейінгі деңгейінен кедейірек қалпында қалады деген болжам бар.
Сондай-ақ, баяндамада 2024 жылы жаһандық инфляция 3,5%-ға дейін, ал 2025 жылы 2,9%-ға дейін баяулайтыны аталған.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Жаһандық экономикаға дамудың жаңа парадигмасы керек екені анық