Цирк әртістеріне 376 мың теңгеге дейінгі ақы төлеу ұсынылды. Оның шарттары қандай?
Сондай-ақ, мұндай көмек мемлекеттік үрмелі музыкалық аспаптар және би ансамбльдерінің өнерпаздарына берілмек.Мәдениет және спорт министрлігі айрықша кәсіп түріне ие әртістерге әлеуметтік қолдау көрсету мәселесін қарап жатыр.
Қазіргі таңда бұл санатқа жататын өнерпаздар қатарынан тек балет бишілеріне зейнет демалысына шыққанға дейін 109 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде ақы төленеді. Енді бұл қатарға мемлекеттік цирк, үрмелі музыкалық аспаптар және би ансамбльдерінің өнерпаздарын да жатқызу көзделіп отыр. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған консультативтік құжат жобасынан белгілі болды.
Министрліктің түсіндіруінше, жоғарыда аталған кәсіп иелері 20-25 жыл қызмет еткеннен кейін түрлі кәсіби ауруларға шалдығады. Алайда, Қазақстан заңнамасында оларды зейнет демалысына ерте шығару қарастырылмаған. Сондықтан, аталған өнерпаздарға қызметтен зейнет жасынан ерте кеткен жағдайда балет бишілерінікі секілді ақшалай әлеуметтік қолдау көрсету жоспарланып отыр.
Ол үшін әртістің еңбек өтілі кем дегенде 20 жылды құрауы және кәсіби карьерасын зейнет жасынан ерте аяқтауы тиіс. Бұл ретте оған төленетін ай сайынғы ақы соңғы үш жылдағы орташа айлықақысының 60 пайызынан кем емес, бірақ сонымен қатар 109 АЕК-тен (2023 жылы – 376 050 теңге) көп емес мөлшерде есептеледі.
Оқи отырыңыз: Қазақстан халық әртістерінің үстемеақысы 2 есе артады. Министрлік 3 жылға 16,5 млн теңге сұрап отыр
Құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 9 тамызға дейін.