Christian Dior-дың музасы Алла Ильчун туралы кітап қытай тілінде жарық көрді
Қытайдың Бейжің қаласындағы баспа үйлерінің бірінде Кристиан Диордың музасы болған Алла Ильчун туралы кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың түпнұсқасы Берлин Иришевтың бастамасымен жарық көріп, кейін оны Франциядағы қазақтар қоғамдастығының мүшесі Оксана Саймо қытай тіліне аударады.
Алла Ильчунды бүкіл әлем біледі. Ол туралы француз тарихшысы Жан-Ноэль Лио, ресейлік тарихшы Александр Васильев және британ зерттеушісі Джон Майкл О’Салливан жазды. Мұнымен қатар, Латын Америкасы, Оңтүстік Африка, Бразилия, Жапония және ағылшын тілді елдердің басылымдарында Алла туралы жаңалықтар жарық көрді.
Берлин Иришевке Алла Ильчун туралы ақпаратты жинауға ФҚҚ мүшелері Қарлығаш Әбиева, Гүлнәр Захарова, Максим Напольских және Диляра Поншон көмектеседі. Қарлығаш Әбиева сән үйлерімен байланыс орнатып, қажет адамдардан сұхбат алады; Гүлнәр Захарова Алланың мұрағаттағы фото және видеоларын іздейді; Максим Напольских пен Диляра Поншон жобаның логистикасымен айналысып, сән туралы әдебиеттерден мәлімет іздейді.
"Нью-Йорк, Санкт-Петербург, Париж және Мәскеу кітапханаларында ондаған кітап оқып сән саласына жақындай түстік. Алла туралы жазылған, ішінде оның суреті бар Dior, Yves Saint Laurent сән үйлері туралы кітаптарды жинап жүрдім. Токио, Лондон, Нью-Йорк секілді қалаларда Аллаға таңдай қағып қызыққан сарапшылардың пікірі жазылған кітаптарды көріп қатты қуандым", – деді Берлин Иришев.
Оқи отырыңыз: Сәнгер Алмас Керімбек: Сән – жай ғана жылтыр көйлек емес, ол – тарих пен философия
Кейін Берлин Иришев қазақ қызының жалғыз ұлы Марк де Дюльменді және кіндік қызы Светлана Лобоффты іздеп тауып, бүгінге дейін қарым-қатынасын үзбей келеді. Марк өз кезегінде анасы туралы естелігін айтып, еш жерде жарияланбаған отбасылық суреттерін көрсеткен.
"Құрбысы Элен Лобофф пен Светлананың анасының естеліктерінің арқасында Алланың балалық және жастық шағы туралы бағалы ақпарат алдық. Күні кеше Алла Ильчун туралы қытай тіліндегі кітаптың тұсаукесеріне желіде миллиондаған досы бар блогерлер де шақырылды. Алланың олардың жүрегін жаулап алғаны сөзсіз. Аз уақыттың ішінде қытай сайттары кітап туралы жаңалық және Алланың түрлі суреттерімен толықты. Баспа үйлеріне бұған дейін уәде еткендей қонақтарға автордың қолтаңбасы бар кітаптар берілді. Кітаптың таныстырылымына аудармашы Оксана Саймо да ұшып келді. Ол өз міндетін жоғары деңгейде атқарып шықты. Біздің идеямызға адалдық танытқан азаматтарға алғысым шексіз", – деді Берлин Иришев.