Ашық НҚА порталында БҰҰ миссияларына қазақстандық әскерді жіберу шарттары баяндалған Қазақстан үкіметі мен БҰҰ арасындағы меморандумның жобасын жариялады. 

Құжат жобасынан 1 наурыздан басталатын бірінші кезеңде қазақстандық 139 әскери қызметкерден тұратын қосымша рота Сирияға аттанатыны жазылған. 

Әскер Алматыдан Сирия астанасы Дамаскіге әуе тасымалы арқылы жеткізіледі. 

Меморандумда, сондай-ақ, қазақстандық әскер үшін БҰҰ қандай шығындарды өтейтіні де баяндалған. Атап айтқанда, БҰҰ Қазақстан үкіметіне жеке құрам үшін бір адамға 1 448 АҚШ  доллары мөлшерінде бірыңғай өтемақы төлейді. Оған қоса, COVID-19-ға тексеру үшін бір адамға 4,90 АҚШ доллары мөлшерінде қосымша өтемақы қарастырылуы мүмкін. 

Әскери қызметкерлер алты ай ішінде 15 демалыс күнін ала алады. Бұл мақсатта тағы әр күн үшін 11,50 АҚШ доллары мөлшерінде жәрдемақы қарастырылған. 


Оқи отырыңыз: Қазақстандық 430 әскери қызметші БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысады


Еске салайық, 19 қаңтарда Парламент мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық әскери қызметшілерді БҰҰ бітімгерлік миссияларына жолдау туралы ұсынысын қолдап дауыс берді. Оған сәйкес, қазақстандық 430 әскери қызметші БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысады.

Әскери қызметшілер төрт миссияны орындауға қатысады: 

  • Голан биіктігіндегі БҰҰ күштері (UNDOF, Сирия – Израиль);
  • Бейбіт келісім шарттарын орындауды бақылау бойынша БҰҰ органы (UNTSO, Палестина – Израиль);
  • Оңтүстік Судан республикасындағы БҰҰ миссиясы (UNMISS, Оңтүстік Судан);
  • Абьееде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша БҰҰ уақытша күші (UNISFA, Судан).