БҰҰ Азық-түлік ұйымы Қазақстанда балалар тағамдарын қайта қарауды ұсынды
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) Қазақстандағы балаларды тамақтандыру ісін қайта қарауға шақырды. Бұған балалар арасындағы семіздік пен өзге де аурулардың көбеюі себеп болып отыр.
Халықаралық ұйым бұл бастаманы Алматыда өткен "Балам – ең басты жобам" форумында көтерді. Бұл шара ата-аналар, педагогтар, дәрігерлер, нутрициологтар мен FAO сарапшылары арасында балалардың тамақтануы, тәжірибе алмасу және салауатты өмір салты мәдениетін дамыту мәселелерін талқылауға арналған ашық диалог алаңына айналды.
Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметінше, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында балалар семіздігі деңгейі бойынша алдыңғы орындардың бірінде тұр. Бұл ретте қант мөлшері жоғары өнімдерді шамадан тыс тұтыну ең өзекті проблемаға айналған. Ол, әсіресе 12 жастан асқан жасөспірімдер арасында өте өзекті.
Сонымен қатар сарапшылар күнделікті мәзірде көкөністер мен жемістердің жеткіліксіздігі байқалатынын және оның балалардың ағзасында өмірлік маңызы бар қоректік заттардың тапшылығына әкелетінін алға тартты.
"Ерте жастан дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастыру – болашаққа салынған инвестиция. Балалар тағамның олардың көңіл-күйіне, денсаулығына және оқу үлгеріміне тікелей әсер ететінін түсінген кезде, олар өз рационына саналы түрде қарап, пайдалы таңдау жасай бастайды", – деді Қазақстандағы FAO жобасының менеджері Рауан Ерұланқызы.
Оқи отырыңыз: Балалардың көзі нашарлап, өздері неге бүкірейіп барады және оған цифрлық технологиялардың қатысы қандай
Форумда Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының Ақмола облысында іске асырылып жатқан "Салауатты тамақтануды дамыту және ауқымын кеңейтуге қосқан үлесі" атты пилоттық жобасы таныстырылды. Оның аясында өңірдің жерргілікті атқарушы органдарымен, мектептермен және ата-аналармен бірлесіп, бірнеше білім беру мекемесінде халықаралық тамақтану стандарттары мен ұлттық дәстүрлерге негізделген жаңа теңгерімді мәзір енгізілді.
Мәзір көкөністер мен жемістердің үлесін арттыруды, тұз бен қант мөлшерін азайтуды көздейді, сондай-ақ ірімшік, жетім және ұлттық тағамдардың бірі – құнарлы әрі мәдени мәні зор жылқы етін қамтиды. Ерекше назар жергілікті өнімді қолдануға аударылады.
Сарапшылардың пікірінше, 8-10 сағаттық сапалы ұйқы, тұрақты физикалық белсенділік және қоректік заттарға бай рацион – баланың үйлесімді дамуы мен табысты оқуына қажетті негізгі шарттар.
"Біздің мақсатымыз – тек тамақтану ережелері туралы айту емес, ата-аналар мен оқушыларды өз денсаулығына ұқыпты қарауға шабыттандыру. Біз салауатты өмір салтының қызықты, дәмді және әркімге қолжетімді болатынын көрсеткіміз келеді", – деді Қазақстандағы FAO жобасының коммуникация жөніндегі маманы Эльвира Бердәулетова.