Макинка ауданы Біржан сал ауылының Николай Русских пен Әлия Есімова есімді тұрғындары өздері тұратын үйлердің маңындағы көлшікте үй құстарымен бірге аққу жүзіп жүргенін көреді. Жақын барып қараса, құстың қанаты жаралы екен. Бұл туралы ҚР Іс басқармасының ресми сайты жазды.

Ауыл тұрғындары аққуды көргендері туралы "Бурабай" ұлттық паркіне хабарлады.

"Балапан аққу екені көрініп тұр. Сол жақ қанатының қауырсындары түсіп қалған. Ұша алмайды. Әлсіреген құс тобынан бөлініп, жылы жаққа кете алмай қалса керек", – деді Біржан сал ауылына келген орман шебері Арман Апахов.

Жүргізушісі Виталий Сурков екеуі сұңқылдақ аққуды ҚР ПІБ "Бурабай Даму" кәсіпорнының зоологиялық бағына әкеліп өткізді.


Оқи отырыңыз: Ерекше қорғалған жерлердегі заң бұзушылықтар туралы хабарлайтын жедел желі іске қосылды


Зоологиялық бақтың ветеринарларының айтуынша, Қазақстанның "Қызыл кітабына" енген құс осы жерде қыстап шығып, көктемге қарай жыл құстары қайтқан кезде табиғат аясына жіберіледі.