Түркістанда тағы да оқушы өлімі тіркелді. Жамбыл Жабаев атындағы мектепте білім алған 15 жастағы жеткіншектің денесі зират маңынан табылған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Марқұмның туыстары ұлымыз әлімжеттіктің құрбаны болғанына сенімді. Қайғыдан қан жұтқан отбасы тоғызыншы сыныптың оқушысын ақша бермегені үшін қатарластары тепкінің астына алған. Жүрек тұсынан алған ауыр соққыдан Мейіржан Нұржанұлы оқиға орнында жап тапсырды деп отыр. 

Несіпгүл Тұтқабекова арқалап өсірген немересін өткен аптада жер қойнына тапсырған. Қаралы күнді егіліп отырып еске алған әжесі 9-сынып оқушысын достары кешке қарай сұрап алып кеткенін айтады. Сол кеткеннен оралмаған жеткіншектің жансыз денесі мола маңынан табылыпты. 

Мейіржан Нұржанұлы – үш баланың кенжесі. Ол өмірге келгенде әкесі бақилық болыпты. Анасы, әжесі мен ағасының тәрбиесінде өскен бала физика мен математикаға қызығушылығы жоғары еді дейді жақындары. Тіпті, қайғылы оқиғаға дейін талай жарыстың жеңімпазы да атаныпты. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істеуді армандаған оқушы мектептегі әлімжеттік туралы ешкімге тіс жармады дейді туыстары. 

Марқұмның жақындары қаладағы бірнеше мектепте түрмедей тәртіп орнатқан бұзақылар бар деп отыр. Олар ара-тұра балаларды зират жаққа жинап, ақша бопсалайды. Айтқанды орындамаған оқушыларды соққыға жығады дейді. Мейіржан оқыған Жамбыл Жабаев атындағы мектепке бардық. Бірақ ұстаздар ақпарат беруден бас тартты. Балалар омбудсмені Динара Закиева тексеріс жүргізіп, мән-жайды анықтаймыз деп сендірді. 

"Қазіргі таңда қылмыстық іс тіркелді. Сол себепті қосымша ақпаратты беруге болмайды. Тексеріс жүргізіп, мән-жайды анықтаймыз", – деді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.

Қара жамылған отбасы 15 жастағы жасөспірімді ажал құштырған қатігез құрдастары жазасыз қала ма деп қорқады. Сондықтан тергеудің әділ өтуін, күдіктілердің толық қамалуын талап етеді. Түркістан облыстық полициясына сұраныс хат жолдадық. Жауабын алдағы шығарылымдарда көрсетеміз.