Қазақстанда киік санын реттеу мәселесіне қатысты мәжіліс депутаты Абзал Құспан "Түркістан" басылымына берген сұхбатында пікір білдірді. Оның айтуынша, киік санын реттейтін мекеме құру – қажеттілік және бұл бастаманы Қазақстанға арнайы шақырылған Еуропа ғалымдары да қолдап отыр. 

"Киіктер жайылымдарды тып-ти­пыл етіп, егістіктерді таптай бастады. Яғни, шаруаларға қып-қызыл зиянын тигізіп отыр. Бірақ атуға рұқсат жоқ. Өйткені, қо­ғам киіктерді атуға наразылық танытып отыр. Бұл – түсінбеушіліктен шыққан дү­ние. Мысалы, әр адам өзінің қорасындағы малын реттеп отырады ғой. Қартайғанын соя­ды, семізін сатады, керек-жарағына жара­тады дегендей. Бұған да солай қарауы­мыз керек", – деді ол. 

Депутаттың айтуынша, президент тапсырмасына орай Қазақстанға шақырылған БҰҰ-дағы "Қоныс аударатын жануар түр­лері" комитетінің мамандары "мем­ле­кет­­ке 100 пайыз пайда әкелетін дүниеден не­­ге бас тартып һәм зиян шегіп отырсыз­дар?" деп қатты таңғалған. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда ақбөкен саны көбейіп келеді. Шенеуніктер оның етін тұтыну мәселесін талқылауда


"Расында да, бұл – аб­сурд. Киіктің терісі мал терісіне қара­ғанда, ана­ғұр­лым бағалы. Ал мүйізінің бір килогра-мы – әлемдік нарықта 1-4 мың доллар ара­­­­­лы­ғын­да. Ал Батыс Қазақстанда жы­лы­на 50 тонна мүйіз далада шіриді. Өйткені, заң – қатал. Тіпті, өлген киіктің мүйізін ке­сіп алған адам 7-8 жыл арқалайды. Ал киік­тің мүйізін сот орындаушылары өртеп жібереді. Мал көметін орындарға киікті кө­міп жатырмыз. Осы жерде БҰҰ өкілдері айт­қан тағы бір мәселе бар. Киіктің көбеюі – жануарлардың өзіне де зиян. Жұқпалы ауру тараса, қырылып қалады", – деді мәжіліс депутаты. 

Ол, сондай-ақ, Қазақстанда кеңес заманында болған "Охотпром" сынды мекеме құрып, киік санын реттеуді қолдайтынын жеткізді. 

"Етін халыққа сатып, терісін қажетімізге жаратып, мүйізін сатуымыз керек. Пайда табуымыз керек. Ал біз зиян шек­кеніміз өз алдына, өз азаматтарымызды сот­тап жатырмыз", – деді ол.