Бүгін Алматыда "Бастау" фестивалі басталады. Фильмдерді "Арман" кино орталығында тегін көруге болады
12-16 желтоқсан аралығында Алматыда XI Халықаралық "Бастау" студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалі өтеді. Фестиваль дәстүрлі түрде Tanaris Production және A-Team кинокомпанияларымен Алматы қаласы әкімдігінің және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
12 желтоқсанда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында фестиваль салтанатты түрде режиссер Елдар Қапаровтың "Соғыс тұтқыны" тарихи драмасының премьерасымен ашылады.
Фильмдегі оқиғаның негізі екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңестік тұтқында болған жапон жас жігіт, императорлық мектептің курсанты Ахико Тецуроның шынайы тарихы мен тағдыры. Лагерьде ол соғыстың нағыз батыры, Кеңес Армиясында қызмет еткен және Берлинге шабуыл жасауға қатысқан қазақ жауынгері Ақажан кездеседі. Ол кейін Жапон соғысына жіберіліп, онда жарақат алып, тұтқынға түскен. Қайтып оралғаннан кейін Ақажан "сатқын және халық жауы" ретінде сотталған.
Фильмді продюсерлер Борис Чердабаев және Әлия Увальжанова бастаған халықаралық команда түсірді. Жапония тарапынан Сано Синдзю және Шуичи Есимура болды. Басты кейіпкерлердің рөлдерін Сырым Қашқабаев (Қазақстан) және Эйсаку Огасавара (Жапония) сомдады.
Фестивальге қатысу үшін Испания, Франция, Румыния, Польша, Иордания, Үндістан, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдерден 700-ден астам өтінім келіп түсті.
Биыл Bastau DEBUTS дебюттік толықметражды көркем фильмдерінің халықаралық байқауы ерекше қызығушылық тудырады, оған бүкіл әлем бойынша "А" класындағы ірі кинофестивальдерге қатысқан 10 картина кірді. Мұнда Берлин кинофестивалінде жүлделі болған испандық "20 тысяч пород пчёл" картинасы және 2023 жылғы Канн фестивалінің қатысушылары – "Если бы только я мог впасть в спячку" (Моңғолия, Франция, Швейцария, Катар) және "Иншаллах мальчик" (Иордания, Катар, Сауд Арабиясы, Франция) фильмдері бар. Сонымен бірге әлемдік премьерасы Берлиналеде өткен ресейлік "Клетка ищет птицу" фильмі, Өзбекстаннан режиссер Шокир Холиковтың көптеген халықаралық кинофестивальдердің жеңімпазы атанған "Жексенбі" киносы да қатысады. Ал Қазақстан атынан бірден екі туынды – Максим Акбаровтың "Степь" және Дәулетжан Махмұттың "Глобус" атты фильмдері сынға түседі.
Барлық көрсетілімдер "Арман" кино орталығында өтеді. Кіру тегін.
Оқи отырыңыз: Мемлекет қаржыландыратын киножобалардың тізімі белгілі болды
Конкурстан тыс бағдарламалар да қызыққа толы. Фестиваль кезінде қысқаметражды көркем және деректі фильм жобалары режиссерлеріне арналған Almaty Film Lab шеберханасы өтеді. Онда жеңімпаздарды жалпы қоры 7 млн теңгені құрайтын ақшалай сыйлықтар күтеді.
Фестиваль қонақтарының бірі – әйгілі британдық продюсер Пол Бретт. Ол 30-дан астам түрлі жанрдағы толықметражды фильмдердің өндірісіне қатысқан. Олардың ішіндегі ең танымалы – режиссер Том Хупердің "Оскар" сыйлығын жеңіп алған "Король говорит!" картинасы. Онда Пол атқарушы продюсер болып жұмыс істеген. Пол фестиваль аясында "Фильміңізді әлемге қалай танытуға болады" тақырыбында шеберлік сабағын өткізеді.
Сонымен қатар фестиваль аясында әйгілі америкалық сценарист, продюсер және жазушы Джеймс В. Харттың сценарий шеберлігі бойынша онлайн шеберлік сабағы өтеді. Өзінің ұзақ мансабында 76 жасқа келген Джеймс Стивен Спилбергтің "Капитан Крюк" (1991), Фрэнсиса Форда Копполаның "Дракула" (1992), Роберт Земекистің "Контакт" (1997), Ян де Бонттың "Лара Крофт: Расхитительница гробниц 2 – Колыбель жизни" (2003), Брек Эйснердің "Сахара" (2005), Керстен Шериданның "Август Раш" (2007) және тағы басқа белгілі фильмдердің сценарийлерін жазған.
Сондай-ақ, биыл фестивальді алғаш рет Францияның Қазақстандағы елшілігі қолдап отыр. Осы ынтымақтастық шеңберінде la CinéFabrique киномектебінің және DOCMONDE қауымдастығының шеберлік сыныптары мен тұсаукесерлері өтіп, RUBIKA анимациялық мектебі (Франция) мен Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы және "Қазанимация" арасында меморандумға қол қойылады.
Фестивальдің серіктестері – Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, "Тұран" университетінің Turan Film Academy жоғары мектебі, AlmaU медиа және кино мектебі және Қазақ ұлттық өнер университеті.