Бүгін Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істей бастады
Алайда, автоХҚКО-лар жұмыс істемейді.2022 жылдың 10 қаңтарынан бастап Алматы қаласы мен Алматы облысынан өзге өңірлерде Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы жанданды, деп хабарлайды Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.
"Азаматтарға кезең-кезеңімен барлық қызметтер қолжетімді болады, Жамбыл облысының тұрғындары жеке куәліктер мен паспорттарды ресімдеу жөніндегі қызметтерді уақытша пайдалана алмайды",– деп жазылған хабарламада.
Айта кету керек, байланыс сапасына байланысты жұмыс барысында кідіріс болуы мүмкін.
Сондай-ақ ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің қызметкерлері басқа міндеттерді орындап жатқандықтан, барлық өңірде автоХҚКО-лар жұмыс істемейді.
Алматы қаласы мен Алматы облысындағы автоХҚКО-лар мен ХҚКО-лар жұмысының қашан жанданатыны туралы "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ-ның баспасөз қызметі қосымша хабарлайтын болады.
Бұған дейін Қазақстандағы төтенше жағдайға байланысты ХҚКО-лар жұмысын тоқтатқан болатын.
Оқи отырыңыз: Жағдай тұрақталған өңірлерде біртіндеп төтенше жағдай режимі алынады