БҚО-да колледж директоры 49 млн теңгені жалған студенттер арқылы жымқырған
Батыс Қазақстан облысында Қаржылық мониторинг агенттігі білім беру саласында бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚМА.
Тергеу мәліметінше, "Батыс Қазақстан индустриалдық колледжі" МКҚК директоры оқу процесіне қатыспаған 54 адамды жалған түрде білім алушы ретінде ресімдеген. Құжаттарда олар белсенді студент ретінде көрсетіліп, жалған бағалар қойылған, сабаққа қатысу табельдері мен үлгерім ведомостері толтырылған. Тіпті кейбіріне көтеріңкі мөлшерде стипендия тағайындалған.
ҚМА мәлімдеуінше, жалған студенттердің атына банктік шоттар ашылып, стипендиялар сол шоттарға аударылған. Банктік карталар директорға немесе оның тапсырмасы бойынша өзге адамдарға беріліп, олар қолма-қол ақша алып отырған.
"Нәтижесінде колледж басшысы 49 миллион теңгеден астам бюджет қаржысын иемденген. Оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сот оның пәтеріне тыйым салды. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеудің басқа деректері жария етілмейді", – делінген хабарламада.