БҚО-да екі қолынан айырылған Аманжолдың отбасына 3 бөлмелі пәтер беріледі
Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрхат Жанбоз әлеуметтік желіде хабарлады. Оның жазуынша, 22 маусымда Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев электр тоғы соғып, екі қолынан айырылған бала Аманжолмен кездесіп, оған жан-жақты көмек көрсетілетінін айтқан болатын. Бұл ретте алда екі мәселе тұрған.
Оның біріншісі – Аманжолға протез дайындау. Бұл сұрақты облыс әкімі жеке бақылауына алды. Медициналық ұйымдармен келіссөз жүргізіп, заманауи протез жасау бойынша келісімге келді. Аманжолдың жағдайымен танысқан ұйым басшылары протезді ақысыз негізде дайындау жөнінде ниет білдірді. Бірақ, протезді шамамен 5-6 айдан кейін салуға болады. Ал әзірге баламыз дәрігерлердің жіті бақылауында болады.
Екінші мәселе – Аманжолдың отбасына қолдау көрсету. Ол үнемі облыстық балалар ауруханасының бақылауында болуы керек. Оған қамқор болып, күтім жасайтын анасы да үнемі қасында болатыны сөзсіз. Отбасы мүшелерінің бірі қалада, ал бірі ауылда қалып отыр.
"Қорға жиналған қаражат көлемі пәтер сатып алуға жеткіліксіз екенін ескере отырып, қалған шығындарды өтеу бойынша облыс әкімі келесі шешім қабылдады. Көпбалалы отбасыға қолайлы жағдай жасау мақсатында Ғали Есқалиев жергілікті құрылыс компаниясының қолдауымен көпбалалы отбасыға жаңадан салынған үйден 3 бөлмелі пәтер сыйға береді. Жаңа үй Аманжол ем қабылдап жатқан аурухананың ауданында орналасқан. Үй кілті жаздың соңында тапсырылады", – деп жазды Нұрхат Жанбоз.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысының жазуынша, әлеуметтік желілер арқылы Аманжолға алматылық жас кәсіпкер Айс Муратова қала орталығынан 2 бөлмелі пәтерді сыйға тартты деген қуанышты жаңалықты тарады.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты, басқа да мекемелердің қызметкерлері Аманжолдың отбасына бір күндік жалақысын аударады. Қосымша қажеттілік болған жағдайда, жергілікті билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі.