Болат Өтемұратов қоры Қостанай облысына көмекке 1,1 млрд теңге бөледі
Өрттен зардап шеккендерге материалдық көмек "Көмек картасы" жобасы арқылы көрсетіледі.Болат Өтемұратов қоры Қостанай облысы Әулиекөл ауданының орталық ауруханасының базасында инсульт орталығын құруға және қондырғылармен қамтуға 1 млрд теңге бөледі. Үйлері өртеніп кеткен отбасылар 1 млн теңге көлемінде атаулы көмек алады.
Инсульт орталығын құру жоғары білікті медициналық көмекті уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді және мидағы қан айналым жүйесінің ақауы бар пациенттер үшін көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттырады. Бөлінген қаражатқа диагностикалық зерттеулерге арналған құрал-жабдықтар сатып алынады, ғимараттарға жөндеу және техникалық дайындық жүргізіледі. Облыс орталығынан шалғай аудандардың 100 мыңға жуық тұрғыны жедел жәрдеммен қамтылады.
"Біз Болат Өтемұратов қорына Әулиекөл, Наурызым және Қарасу аудандарының тұрғындарына қызмет көрсететін инсульт орталығын ашу жайлы өтінішімізге жылдам шешім қабылдағаны үшін алғысымызды білдіреміз. Зардап шеккен отбасыларға атаулы көмек көрсеткені үшін қорға өз атымнан алғыс айтамын", – деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.
Өрттен зардап шеккендерге материалдық көмек "Көмек картасы" жобасы арқылы көрсетіледі. Бұл Болат Өтемұратов қоры, Қазақстанның Қызыл жарты ай ұйымы және ForteBank-тің бірлескен бастамасы. Табиғи және техногендік апаттардан зардап шеккен адамдарға уақытылы қолдау көрсетуді көздейтін жоба 2018 жылдан бастап жұмыс істейді. 2022 жылы көрсетілген көмектің жалпы сомасы 2 млрд 500 млн теңгеден асады. Бұған дейін 2022 жылы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар және Маңғыстау облыстарындағы су тасқынынан зардап шеккен 6 200-ден астам адамға жәрдем берілді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Болат Өтемұратов қоры 25 медициналық мекемеге түрлі жобалар бойынша көмек көрсеткен. Олар үшін реанимобильдер, өкпені жасанды желдету аппараттары, наркозды-тыныс алу аппараттары, жаңа туған нәрестелерге арналған кувездер және басқа да медициналық жабдықтар сатып алынды.