Тұңғыш президенттің інісі Болат Назарбаев 70 жасында қайтыс болды. Бұл туралы ҚР тұңғыш президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлады. 

"71-ге қараған шағында созылмалы ауырудың салдарынан ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Әбішұлы Назарбаев дүниеден озды", – деп жазды Айдос Үкібай.

4 қарашада Болат Назарбаевтың Алматыдағы орталық клиникалық ауруханаға жатқызылғаны белгілі болды. Сол кезде бірқатар БАҚ Болат Назарбаевтың жүрек талмасына ұшырағанын жазды. Артынша жағдайының аса ауыр және тұрақсыз екені айтылды. 

70 жастағы Болат Назарбаев 1990 жылдардан бері бизнеспен айналысқан. Басқа кәсіпкерлер оны бірнеше рет рейдерлік жасады деп айыптағанмен, ресми айып тағылған жоқ. Бұрынғы президенттің інісі өзінің бірнеше активі мен әртүрлі аймақтағы жерлері мен базарларынан айырылды. 


Оқи отырыңыз: Болат Назарбаев және Александр Клебановпен үлестес фирмалар заңсыз майнингпен айналысқан


Болат Назарбаев қорының мәліметіне сәйкес, ол Алматы маңындағы Шамалған ауылында дүниеге келген. Техникумды "Механизатор" мамандығы бойынша тәмамдап, Тәуелсіздік жылдары құқықтану саласында жоғары білім алған. Кеңес армиясында мерзімді қызметтен өткен.

Еңбек жолын Үштөбе маңындағы совхозда жүргізуші болып бастады. "Шамалған" кеңшары төрағасының орынбасары, Қаскелең нан зауыты директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 

2016 жылы Болат Назарбаев аз қамтылған отандастарды қолдау үшін қайырымдылық қорын құрды.