Су саласында сұранысқа ие мамандар даярлау үшін білім беру гранттарының саны көбейеді. Бұл туралы Ашық НҚА порталында су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама-жобасында жарияланды.

Құжат 20 маусымға дейін көпшілік талқылауында болады.

"Сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен бірлесіп, жоғары оқу орнын дамыту бағдарламасы бекітіледі. Бұл жұмыстар 2023-2029 жылдар аралығында жүргізіледі. Сонымен бірге, су саласындағы инновациялық пәндерді қоса отырып, білім беру бағдарламалары жаңартылады. Су саласының сұранысқа ие пәндері бойынша жоғары білім алу үшін мемлекеттік білім беру гранттарының санын ұлғаяды", – делінген құжатта.

Жұмыс жоспарына сәйкес, келесі жылдан бастап өңір әкімдіктерінің қолдауымен Ертіс, Деркөл, Елек, Есіл, Тобыл, Нұра, Шу, Селета, Қаратал, Топар, Сырдария, Ойыл, Жем, Сағыз өзендерінің арнасы тазартылады.