"Болашақ" бағдарламасы аясында әдебиетші мамандарды оқыту үлесі артады
28 жылда "Филология, лингвистика, аударма ісі" мамандықтары бойынша 130 стипендия тағайындалған.Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдап, "Болашақ" бағдарламасына әдебиетке қатысты мамандықтарды енгізуді ұсынған болатын. Депутат поэзия мен проза, аударма мен әдеби сын, драматургия мен сыни ойлау сияқты әдебиетке қатысы бар пәндер бойынша магистр мен доктор дәрежесін әлемнің үздік университеттерінде алуға мүмкіндік ашудың маңызды екенін алға тартты. Осы орайда, премьер-министрдің орынбасары "Әдебиет" аталымы бойынша мамандықтар санын көбейтуге назар аударылатынын айтып, жауап берді.
"Депутаттық сауалдағы ұсыныстар ескеріліп, тізімдегі "Әдебиет" аталымы бойынша мамандар санын көбейтуге назар аударамыз. Қазақстан жазушылар одағы ұсынған талантты қаламгерлердің кандидатурасын зерттеп, қолданыстағы "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына конкурстық негізде қарастырылады", – деді Ералы Тоғжанов.
Оқи отырыңыз: Енді "Болашақпен" Ресейдің қандай техникалық жоғары оқу орындарында білім алуға болады?
Вице-премьер дерегінше, 28 жылда "Филология, лингвистика, аударма ісі" мамандықтары бойынша 130 стипендия тағайындалған. Оның ішінде "Ағылшын тілі және әдебиеті", "Ағылшын әдебиеті", "Тіл және әдеби білім", "Тіл және медиа", "Заманауи тілдер мен әдебиет" мамандықтарына 10 стипендия берілген. Соңғы 5 жылда "Филология, лингвистика, аударма ісі" мамандықтарына 26 стипендия бөлінген. Оның біреуі – "Ағылшын әдебиеті" мамандығы бойынша. Дәлірек:
- бакалавриат – 1;
- магистратура – 11;
- докторантура – 6;
- тағылымдама – 8 стипендия.
"Қазіргі таңда олардың 17-cі білімін тәмамдады және тағы 9 стипендиат білім алып жатыр. Жалпы, тізбеге поэзия мен проза, аударма мен әдеби сын, драматургия мен сыни ойлау сияқты әдебиетке қатысты пәндердің бағытындағы магистр мен доктор дәрежесін әлемнің үздік университеттерінде білім алуға бағытталған мамандықтар енгізілген", – деп қосты Ералы Тоғжанов.
Еске салсақ, депутат Мақпал Тәжмағамбетова талантты қаламгерлерді "Болашақ" бағдарламасымен оқытуды ұсынған болатын.