Бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант алуға өтінім қабылдау басталады
Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі.15 шілдеден бастап Business.enbek.kz порталында екінші лек бойынша жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін грант алуға өтінім қабылдана бастайды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Республика бойынша екінші лекте 4 655 адамға грант беру жоспарланып жатыр.
"Гранттар жаңа бизнесті бастау және дамыту мақсатында қайтарымсыз негізде беріледі. Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 476 800 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады", – деп жазылған хабарламада.
Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
- Өтінім беру үшін:
- порталда тіркелу;
- грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
- бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
- өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.
Интернет немесе компьютер болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.
Грант алу үшін бірқатар шартты сақтау қажет. Жаңа бизнес идеяны іске асыруға грант алуға:
- тіркелген жұмыссыздар;
- жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін) үміткер бола алады.
Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
- мүгедектігі бар адамдар;
- қолданыстағы "қандас" мәртебесі бар адамдар;
- өңіраралық қоныс аударушылар;
- тұрмысы төмен отбасы мүшелері;
- көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар үміткер бола алады.
Үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы үш жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуға тиіс.
Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электронды форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінім бірыңғай терезе – "Business.enbek.kz" порталы арқылы қабылданады.
Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі Еңбек мобильділігі орталықтары мен оның филиалдарына (мансап орталықтарына) бармай-ақ, электрон форматта жасалады.